Қоғам

Балаңыз боқтаса, айыппұл төлейсіз

Балаңыз көшеде немесе интернетте боқтық айтып, біреуге тіл тигізсе, енді тек кешірім сұрап құтыла алмайсыз. Жаңа ереже бойынша, балағат сөз айтқан бала үшін ата-ана айыппұл төлейді, деп жазады Ozgeris.info. 

Егер бала 12 жасқа толмаған болса, жауапкершілік толықтай ата-анасына жүктеледі. Мұндай жағдайда айыппұл көлемі – 10-15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни шамамен 39 320 – 58 980 теңге аралығында. Ал 14-16 жас аралығындағы жеткіншектер үшін 7 АЕК көлемінде (27 524 теңге) айыппұл салынады. 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің өзіне айыппұл салынуы мүмкін, алайда оның табысы болмаса, ата-анасы төлейді. Бұл сома – 10 АЕК-ке дейін, яғни 39 320 теңгеге жуық.

Егер балағат сөз әлеуметтік желіде, видео не жазбаша түрде таралса, жаза ауырлай түседі. Мұндай жағдайда айыппұл 200 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін. Бұл – 786 400 теңге.

Қылмыстық кодекстің 131-бабына сәйкес, әдепсіз сөзді көпшілік алдында айту – ауыр құқық бұзу. Жаза ретінде 100 АЕК-тен басталатын айыппұл немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмыс, тіпті 15 күнге дейін әкімшілік қамау да қарастырылған. Бұл талаптар көшедегі, қоғамдық орындардағы дөрекі сөздерге де қатысты. Егер балағат сөз қайталанса, қамау мерзімі 30 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Мұндай құқықбұзушылықты дәлелдеу үшін куәгерлердің сөзі, видео немесе аудио жазбалар, сондай-ақ лингвистикалық сараптама қолданылмақ. Яғни, интернетке жүктелген бір жазба да ата-ана қалтасына салмақ салуы мүмкін.

Барлық жаңалық