Танымал белсенді әрі журналист Динара Егеубаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жол-көлік оқиғасына байланысты үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Журналистің айтуынша, басталған әкімшілік іс бары-жоғы үш күннің ішінде ҚР Кылмыстық кодексінің 345-бабы, 1-бөлігіне ауыстырылған. Қылмыстық істің қозғалуына ЖКО-ға қатысушы велосипедист арызы себеп болған.
«Тергеуші жария етпеу туралы қолхат беруді талап етті, бірақ мен бас тарттым. Қазіргі таңда маған елден шығуға тыйым салынды. Естеріңізге сала кетейін, менің көлігіме қарсы бағытпен шауып келе жатқан велосипедист келіп соғылған еді. Алайда бұл жағдайда мені кінәлі етіп шығарды», — дейді Егеубаева.
Журналист болған оқиғаның кездейсоқтық емес екенін және бұл істің артында тапсырыс тұрғанына сенімді екенін жеткізді. Жағдайдың анық-қанығын жұртшылыққа көрсету үшін ол әрбір жазбасының астына жол апаты сәті түсірілген бейнежазбаны үздіксіз жариялап отыратынын хабарлады.
«Жағдайдың қаншалықты абсурд екенін бәрі түсінуі үшін мен әр постымның астына көлігіме жасалған ашықтан-ашық соқтығысу видеосын жариялап отырамын. Енді бұның арнайы тапсырыс екеніне 100 пайыз сенімдімін», — деп түйіндеді ол.