Мұхамеджан Тазабек соңғы күндері қоғамда қызу талқыланған тойдағы молданың сөзіне қатысты пікір білдірді. Ол Instagram парақшасында бірнеше бөлімнен тұратын жазба жариялап, қоғамдағы пікірталасқа көзқарасын ортаға салды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тазабектің айтуынша, бүгінде бір жерде айтылған сөз санаулы минуттың ішінде миллиондаған адамға жетеді. Сондықтан әрбір сөздің жауапкершілігі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары.
«Осындай кезеңде ең үлкен даналық – өз ақиқатыңды айту ғана емес, оны қоғам көтере алатындай даналықпен жеткізе білу», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол қоғамда дін ұстанатындар да, ұстанбайтындар да бар екенін айтып, барлығының көзқарасын ескерудің маңызын атап өтті. Оның пікірінше, ақиқатты жеткізу де даналықты талап етеді. Жазбада зайырлылық мәселесіне де тоқталған Тазабек оның дінге қарсы ұғым емес екенін жеткізді.
«Зайырлылық – әр азаматтың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, қоғамдағы ортақ тәртіп пен заңның үстемдігін қамтамасыз ететін қағида. Сондықтан зайырлы қоғамда да қасиетті дүниелерді әдейі қорлау, адамдардың діни сезімін аяққа таптау немесе қоғамды арандататын әрекеттер еркіндік болып саналмайды. Еркіндік әрқашан жауапкершілікпен бірге жүреді», – деді ол.
Сонымен қатар ол бүгінгі даулы жағдайды тек той төңірегіндегі мәселе ретінде қарастыруға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, той – қоғам мәдениетінің айнасы, ал онда айтылған әр сөз елдің ертеңгі бағытына әсер етуі мүмкін. Жазбасының соңында Мұхамеджан Тазабек қазіргі қоғамға ең қажет қасиеттер ретінде сабыр, парасат және жауапкершілікті атады.
«Өзгеріп жатқан әлемде өз құндылықтарын сақтай отырып, қоғаммен үйлесе білген ел ғана алға шығады», – деп түйіндеді ол.