Тойда асаба Сабыржан Түзелбаев өрт сөндіру саласында еңбек ететін азаматқа «өртің көп болсын» деген тілек айтып, артынша бұл сөзі әлеуметтік желіде тарап кеткен еді. Осы сөзден соң желі қолданушылары тамаданың әрекетін жауапсыздық деп бағалап, түрлі теріс пікір жаудырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Көп ұзамай бұл оқиғаға қатысты желіде тағы бір видео пайда болды. Видео авторы Теміртаудағы мазаратта жақында ғана ірі өрт шығып, оны өрт сөндірушілердің әрең ауыздықтағанын тілге тиек еткен.
"Сабыржан, мынау Теміртаудың бейіті. Ана жерде сенің анаң Күмісай жатыр. Кеше осы жерде өрт болып әзер сөндірді. Сен айтқалы шынымен өрт көп болып кетті. Халықтан кешірім сұрап, мына жерге келіп құран оқып кетесің-ау", деді ол.