Қоғам

Қазақ көрерменіне қолайсыз уақыт: қазақша сеанстар неге әлі де шеттетіледі?

Қазақ көрерменіне қолайсыз уақыт: қазақша сеанстар неге әлі де шеттетіледі?

6 тамыздан бастап Қазақстан кинотеатрларында Marvel студиясының көптен күткен «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі көрсетіле бастады. Ең қуанышты жаңалық – фильм қазақ тілінде кәсіби дубляжбен жарыққа шықты. Бұл – соңғы жылдары қазақ тіліндегі дубляждың сапасы өсіп келе жатқанын көрсететін маңызды қадам, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі. 

Алайда премьераға алдын ала сатылым басталысымен әлеуметтік желілерде тағы бір ескі мәселе көтерілді. Көрермендердің айтуынша, қазақ тіліндегі сеанстардың саны өте аз. Оның үстіне, олар көбіне таңертең немесе күндізгі жұмыс уақытында қойылған. Ал кешкі уақытта, яғни халықтың басым бөлігі жұмыстан босайтын кезде, орыс тіліндегі сеанстар басым.

Бұл жағдай көпшілікті мынадай сұраққа жетелейді. Кинотеатрлар қазақ тіліндегі көрсетілімнің сұранысын шынымен зерттеп отыр ма, әлде сұранысты өздері төмендетіп жатыр ма? Егер қазақша сеанс таңғы 10:00 немесе күндізгі 13:00-де ғана болса, онда жұмыс істейтін адамдардың оны көру мүмкіндігі өте аз. Кейін дәл осы көрсеткіштерге сүйеніп, “қазақша сеансқа сұраныс төмен” деген қорытынды жасау әділетті ме?

Шын мәнінде, бұл жерде сұраныс емес, қолжетімділік мәселесі туындайды. Егер қазақша дубляж дәл орыс тіліндегі сияқты кешкі прайм-тайм уақыттарына қойылса ғана көрерменнің нақты таңдауы белгілі болар еді. Соңғы жылдары мемлекет те, қоғам да қазақ тіліндегі дубляжды дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Disney, Pixar, Marvel және басқа да ірі студиялардың фильмдері қазақша сөйлей бастады. Дубляж сапасы халықаралық деңгейге жақындады. Бірақ бұл еңбектің нәтижесі кинотеатрдағы көрсетілім кестесіне келгенде әлсіреп қалады.

Қазақ тілінде дубляж жасауға миллиондаған теңге жұмсалады. Алайда сол фильмді халыққа ыңғайлы уақытта ұсынбаса, бүкіл еңбектің тиімділігі төмендейді.

Астана тұрғыны Алмат Қыстаубайдың айтуынша, мәселе қазақ тіліндегі фильмдердің жоқтығында емес, олардың көрерменге қолайсыз уақытта көрсетілуінде.

«Шынымды айтсам, кинотеатрлардың бұл саясаты түсініксіз. Балаларым тек қазақша сөйлейді, сондықтан фильмдерді ана тілінде көргіміз келеді. Бірақ Астанада “Өрмекші адам” фильмінің қазақ тіліндегі премьерасына небәрі 15 сеанс берілген, оның басым бөлігі күндізгі уақытта. Ең кешкі сеанс – сағат 19:25-те ғана, ол да Mega Silk Way-дегі Chaplin кинотеатрында. Ал орыс тілінде 120-дан астам сеанс бар, оған қоса ағылшын тіліндегі көрсетілімдер де ұйымдастырылған. Осындай жағдайда қазақша сеанстардың көрермені аз деп айту қаншалықты әділ? Алдымен адамдарға қолайлы уақыт беру керек. Меніңше, бұл мәселені қоғам болып көтеріп, кинотеатрлардан қазақ тіліндегі сеанстарға тең жағдай жасауды талап етуіміз керек. Бұл – мемлекеттік тілге деген құрметтің де көрсеткіші», – дейді ол.

Бұл мәселе тек бір фильмге қатысты емес.

Бұған дейін де көптеген қазақша дубляждалған фильмдер дәл осындай жағдайға тап болды. Әлеуметтік желілерде көрермендер бірнеше рет қазақ тіліндегі сеанстардың ыңғайсыз уақытта қойылатынын айтып, сынға алған.

Кинотеатрлардың да өз уәжі болуы мүмкін. Олар билеттің сатылымына қарап кесте жасайтынын айтады. Бірақ көрермендердің қарсы уәжі де орынды. Егер қазақша сеанстарға ең қолайлы уақыт ешқашан берілмесе, онда олардың нақты сұранысын қалай өлшеуге болады? Бұл жерде әңгіме орыс тіліне қарсы шығу туралы емес. Әңгіме – тең мүмкіндік туралы.

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы, оралдық Мейірбек Есболатұлы да бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген.

«Қазақстанның өзінде, Орал қаласында қазақ және орыс тіліндегі кино сеанстарының айырмашылығы айқын байқалады. Қазақ тіліндегі сеанстар көбіне күндізгі, қолайсыз уақыттарға қойылады. Содан өз елімізде өз тілімізде кино көре алмайтын күйге жеттік. Қазақ тіліндегі көрсетілімдерге де көрерменге ыңғайлы уақыт беруді міндеттейтін нақты талап немесе заң қашан қабылданады? Сол күнді күтіп жүрміз», – дейді ол.

Егер бір фильм екі тілде де көрсетілсе, екі аудиторияға да бірдей қолайлы уақыттар берілуі керек. Сонда ғана қай тілге сұраныстың жоғары екені әділ анықталады. Қазақ көрермені киноға бармай жүрген жоқ. Ол тек өз тіліне лайықты мүмкіндік күтіп отыр. Мүмкін, қазақ тіліндегі дубляждың болашағы енді оның сапасына емес, кинотеатрлардың сеанс кестесіндегі әділдікке байланысты шығар.

Барлық жаңалық