Қоғам

Ақтауда жасөспірімдер мектеп оқушысын соққыға жығып, видеомен қорқытқан (ВИДЕО)

  Ақтауда жасөспірімдер мектеп оқушысын соққыға жығып, видеомен қорқытқан (ВИДЕО)

Ақтауда 16-17 жастағы екі жасөспірім мектеп оқушысын аяусыз соққыға жығып, оны таспаға түсіріп алған. Олар осы видео арқылы басқа бір жігітті бопсалауды көздеген. Зардап шеккен баланың туыстары болған жайтты ашық айтып, әділдік талап етуде, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оқиға қалай болды?

Туыстарының сөзінше, қайғылы жағдай таңертең орын алған. Оқушы дүкенге шыққан кезде оның алдынан екі жасөспірім шығып, тоқтатып алған.

Бұзақылар баладан оның басқа бір танысын үйінен алдап көшеге шығарып беруін талап еткен. Оқушы бұл сұраныстан бас тартқанда, олар оны ұрып-соғып, бүкіл әрекетін жәбірленушінің өз телефонына видеоға түсірген.Одан кейін әлгі таспаны жаңағы жігітке жіберіп: «Егер сыртқа шықпасаң, досыңды бұдан да жаман ұрамыз» деп қорқытқан.

Қазіргі уақытта ауыр жарақат алған оқушы ауруханада емделіп жатыр.

Оқиғадан соң күдіктілер мен олардың ата-аналары полицияның учаскелік бөліміне жеткізілген. Жәбірленуші тараптың айтуынша, жасөспірімдер істеген істерін мүлдем танбаған, тіпті тәртіп сақшыларының көзінше де өздерін тым өрескел ұстаған.

Зардап шеккен баланың отбасы бұл істің аяқсыз қалмауын, оқиғаның жан-жақты әрі объективті тергелуін сұрайды.

Ozgeris.info тілішісіне Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша түсініктеме берді.

«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай әрекеттер заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген ауыр қылмыс санатына жатады. Оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталып, заңды өкілдерімен полицияға жеткізілді», - деп хабарлады полиция.

 

 

Барлық жаңалық