Threads желісінде Назерке Надирова есімді қыз марқұм айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың ұлына қатысты ауыр айып тақты деп жазады Оzgeris.info. Жас ананың айтуынша, ол Досбосыновтың ұлынан аяғы ауыр болып қалған, алайда жігіт жүктілік кезінде де, бала дүниеге келгеннен кейін де жауапкершіліктен қашқан.
Назерке 2024 жылдың қазан айында өздерінің бірге УЗИ-ге барғанын, сол кезде бәрі жақсы болып, екеуі болашақ ата-ана ретінде бақытты көрінгенін жазады. Алайда дәл бір аптадан кейін жағдай түбегейлі өзгерген.Жігіт түнгі үште Назеркені үйінен айқаймен қуып шығып, «бұл менің балам емес» деп бас тартқан. Осы сәттен бастап ол бойжеткеннің өмірінен толық жоғалған.
«Тоғыз ай бойы хабарласқан да жоқ. Не бір рет жағдайымды сұрамады. Анама арқа сүйеп, барлық қиындықты екеуміз көтердік», — дейді Назерке.
Жас ана босанғанда да жағдай түзелмеген. Перзентханадан шығар кезде жігіт ештеңе болмағандай келіп, «бәрі жақсы болады» деген. Бірақ бұл да жалған уәде болып шықты сол күннен кейін ол тағы да із-түзсіз жоғалып кеткен.
Назеркенің айтуынша, көпшілік жігітті марқұм Оразалы Досбосыновтың ұлы болғаны үшін ақтап алуға тырысады.
«Оразалы Досбосыновтың баласы болған соң, жұрт оны судан таза сүттен ақ көреді.Ал менің қандай қиындық көріп жүргенімді ешкім ойламайды. Әкесінің аты оған қорған болып тұр», — деп жазды ол.
Оразалы Досбосынов қазақ поэзиясында ерекше із қалдырған айтыскер ақын. Желі қолданушылары марқұм ақынның атына кір келтірмеуге шақырып, ұлының әрекетіне айтарлықтай сын айтуда.