Белгілі блогер Алексей Лодочников әлеуметтік желіде жазба жариялап, бірқатар танымал әншілердің жетім балаларға арналған әлеуметтік бастамаға қатысудан бас тартқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Блогердің айтуынша, ол жуырда өткен «Жұлдыз болғым келеді» байқауы аясында шоу-бизнес өкілдеріне арнайы хабарласып, жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін қолдауға шақырған. Атап айтқанда, ол әншілерден қазылар алқасының құрамына еніп, балалармен бірге ән айтуын немесе кем дегенде қысқа видео-сәлем жолдауды өтінген.
Алайда ұсынысқа көптеген әртістер қызығушылық танытпаған. Кейбірі хабарламаны мүлде оқымаған, ал жауап бергендерінің басым бөлігі жоғары гонорар талап еткен.
«Тіпті 5 секундтық видео үшін 500 мың теңгеден бастап, 1–1,5 миллион теңгеге дейін баға айтқандар болды. Бұл балаларға арналған әлеуметтік жоба екенін ескерген ешкім болмады», — деп жазды Лодочников.
Блогер әсіресе жас орындаушыларға ренішін білдіріп, танымалдылық пен табыс әлеуметтік жауапкершілікті ұмыттырмауы тиіс екенін атап өтті.
«Бір-екі әнмен жұлдыз болып кеттік деп ойламаңыздар. Сіздерді тыңдайтын, сіздерге еліктейтін балалар бар. Осындай сәтте қолдау көрсетпеу ұят», — деп түйіндеді ол.