Елде болған жағдайдан соң көптеген реформалардың қолға алынатыны сөзсіз. Тілімізге де толық күш беретін уақыт келді деген пікірдемін.
Өз басым орыстілділерден «Қазақ тілін білу керек пе?» деп сұрасам, көбіне «иә» деген жауап аламын. Өйткені солай болуы тиіс. Оны бәрі біледі. Ал «Тіл білуді өзге мемлекеттер сияқты міндеттеу қажет пе?» дегенге «жоқ» дейді. Неге? Себебі өздеріне тиімсіз.
Қазақ тілін білетіндерден бірінші сұраққа «иә» дегендерін естимін. Ал «Тіл білуді міндеттеу қажет пе?» дегенге кейде «жоқ» деп те айтады. Неге? Өйткені тіл білуді міндеттейік десек, алдымызда Конституцияның 7-бабының 2-тармағы тұр. Тіпті Конституцияның 14-бабының 2-тармағы бойынша «Ұлтына, тіліне қарай кемсітуші» ретінде көрінуіміз мүмкін.
Ресми құжаттар мен ресми жиындардың тілінен бастап,
қазақ тілі мемлекеттің барлық саласында функционалдық тұрғыда қашан үстемдікке ие болады? Бұған жетудің жолы біреу ғана – ол Мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін заң! Бұның алгоритмі дұрыс құрылса, иерархиялық жүйе тәртібімен шынымыз да шыңымыз да қазақ тілі болады. Ортақ пікір төңірегінде топтасу – ол да демократия.
Ең бастысы үмітті үзбеу, алға қарай жылжи беру ғой. Руханиятқа инвестиция құюдың ел болашағы үшін шешуші маңызы бар. Осы орайда Жүсіпбек Аймауытұлының Қартқожа арқылы рухани байлықсыз өмір сүру мүмкін емес екенін ұғындырғаны еске түседі. Түркияда «Еуразия зерттеулері» мамандығы бойынша докторантурада оқып жүргенімде тілге, әдебиетке, өнерге демеушілік жасап, қолдау көрсеткен адамдарды көп көрдім. Біздің елде де қазіргі таңда мұндай адамдар біршама бар. Шүкір.
Ұлтқа қызмет ету намысты да талап етеді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ұлтын өрге сүйреп, келер ұрпақтың есті болып жетілуін мақсат тұтқан оқыған қазақ азаматтарына моральдық және қаржылық қолдау көрсеткен ұлттық буржуазия тобы болды. Мұхаметхан Сейітқұлұлы, Қаражан Үкібайұлы, Әбдірахман Жүсіпұлы, Әнияр Молдабайұлы, Салық Омарұлы, Медеу Оразбайұлы, Ике Әділұлы, Хасен Ақайұлы, Ыбырай Ақпайұлы, ағайынды Бекметтер, Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл және Тобанияз Әлниязұлы сынды қазақ байлары түрлі бағыттар бойынша елге мейлінше өз пайдаларын тигізді. Мысалға алатын болсақ, біреулері мектептер мен медреселер ашса, енді біреулері қаншама жанның өміріне өзгеріс енгізіп, жоғарғы оқу орындарында оқуға жағдай жасап, шәкіртақыларын да төлеп тұрды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне де атсалысқандары бар.
Мұхаметхан Сейітқұлұлының (Абайтанушы Қайым Мұхаметханұлының әкесі) үйі белгілі мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен баспагерлердің кездесулері және қазақ халқын саяси аренаға, азаттық жолына, ағартушылыққа шақырған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Халел Ғаббас, Сұлтанмахмұт Торайғыр сияқты ірі қоғам қайраткерлері үшін ашық болатын. Абай, Шәкәрім әулеттерімен, шәкірттерімен жиі араласып тұрған. Мұхаметхан Сейітқұлұлы – «Сарыарқа» газеті, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Омарханұлының редакциясымен шығарылған «Абай» журналын қаржыландырғандардың бірі. Ол көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, тарихи-әдеби мұраларды хатқа түсіріп, қазақ халқының рухани дамуына ықпал етті. «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының демеушілері қатарында Қаражан Үкібайұлы да бар. Алаштың оқыған көп азаматтары Қаражан үйінде тұрды. Ал Әбдірахман Жүсіпұлының үйінде «Сарыарқа» газетін, «Абай» журналын басып шығарған «Жәрдем» баспаханасы орналасты. Абайдың тәрбиесін көрген Әнияр Молдабайұлы болса, сол кездегі мемлекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері еді. Әлихан Бөкейханның басшылығымен «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезде Әнияр Молдабайұлы оның қазынашысы ретінде бекітілді. Әнияр Молдабайұлы өз заманында көрнекті қазақ интеллигенттерімен тығыз байланысқан. Әнияр Молдабайұлының үйінде Абайдың қырқы берілгенін айта кеткен жөн. Хасен Ақайұлы да «Қазақ» газетіне қаржылай көмек көрсеткен екен. 1915 жылы «Қазақ» газетінде «Ауқатты алаш азаматтарына» атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесу жөнінде үндеу жарияланды. Маман байдың ұрпақтары қол ұшын созғандардың қатарында болды. Жетісудың атақты байы Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар «Мамания» мектебін салды. Бұлар қазақ меценаттарының мұрындық болған игі істерінің бір парасы ғана.
Алаш қайраткерлерінің әлеуметтік тірегі осындай меценаттар еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, тарихшы Ардақ Беркімбай да сол кездегі қазақ байларын арнайы зерттеп жүр екен. Алаштанудың ақтаңдақ беттерін түгендей берген дұрыс.
Әсіресе блогсферадағы демагогтар мен популистерға ермей, Президентіміздің айтқандарына құлақ асайық. Қайтсек жұрт боламыз? Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық!
Қуаныш Жұмабекұлы,
саясаттанушы, «Еуразия зерттеулері» мамандығы бойынша PhD докторы.
ПІКІР ЖАЗУ