💰 Экономика

Банктерге жаңа талап қойылады. Ақшаларына жармасамыз ба енді?

Биылғы күзден бастап Қазақстан банктері бұрынғыдан да қатаң талаппен жұмыс істеуге көшеді. Ұлттық банк ең төменгі резервтік талаптарды (ЕТРТ) кезең-кезеңімен көтермек, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Қаржы нарығына жаңа тәртіп

Яғни, банктердің клиенттерден тартқан қаражаттың белгілі бір бөлігін Ұлттық банкте сақтап отыруы тиіс деген сөз. Жаңа тәртіп қыркүйекте басталып, 2026 жылдың көктеміне дейін толық жүзеге асады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл өзгерістің мақсатын «инфляцияны ауыздықтап, қаржы жүйесін тұрақтандыру» деп түсіндіреді.

«Біз банк қауымдастығымен ұзақ уақыт бойы пікір алмасып, техникалық және әдістемелік тұрғыдан толық нақтылап алдық. Енді енгізуге дайынбыз. Алайда банктердің бәрі бірдей бұл бастаманы жылы қабылдай қоймады.
    Алайда сала өкілдері түптің түбінде макроэкономикалық тұрақтылық мүддесін жоғары қоямыз», деді Ұлттық банк басшысы.

Қарапайым тілмен айтқанда, енді олар әрбір депозит пен салым үшін қосымша қор сақтауға міндетті. Бұл олардың айналымдағы бос қаражатын азайтады. Демек, несие беру көлемі де қысқаруы мүмкін.

ЕТРТ деген не?

Ең төменгі резервтік талап (ЕТРТ) – орталық банктер қолданатын классикалық монетарлық құралдардың бірі. Ол коммерциялық банктерге өз міндеттемелерінің белгілі бір пайызын өтімді актив ретінде Ұлттық банкте сақтауды міндеттейді. Бұл қаржы жүйесіне қосымша тұрақтылық береді.

Көптеген елдерде бұл көрсеткіш 4-4,5 пайыз деңгейінде. Ал Қазақстанда ол бұған дейін тым төмен деңгейде (0-2%) сақталып келді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жұмсақ режим банктерге икемділік берсе де, инфляциямен күресте әлсіздік танытты.

Сарапшылар не дейді?

Экономист Әсет Наурызбаевтың пікірінше, ЕТРТ-ті арттыру инфляциялық қысымды азайтуға ықпал етеді, бірақ қысқа мерзімді салдары болады:

«Бұл шешім банктер үшін қысым туғызады. Олардың өтімділігі азаяды, демек бизнеске берілетін несиелер де шектелуі мүмкін. Бірақ ақша массасын шектеу арқылы инфляцияны тежеу  дұрыс қадам», дейді ол.

Банк секторы өкілдері де өзгерісті түсіністікпен қабылдап отыр. Аты-жөнін атамауды қалаған бір ірі банк топ-менеджері былай дейді:

«Біз қазірдің өзінде жаңа талапқа бейімделу үшін ішкі саясатымызды қайта қарап жатырмыз. Кейбір құралдардан бас тартуға тура келеді. Бірақ жалпы алғанда, нарық мұндай реформаға дайын болуы керек».

Қаржыгерлер нені ескеруі тиіс?

Жаңа талаптардың енгізілуі банктердің несиелеу мүмкіндігін қысқартып, пайыздық мөлшерлемелердің қайта өсуіне әкелуі ықтимал. Бұл әсіресе шағын және орта бизнеске әсер етуі мүмкін. Себебі несиеге қол жеткізу қиындаса, айналым капиталын толықтыру да созылып кетеді.

Сонымен қатар жеке тұлғаларға ұсынылатын несие өнімдерінің шарттары да қайта қаралуы мүмкін. Мысалы, тұтынушылық несиелер мен ипотекаларда мөлшерлеме қайта есептелуі ықтимал.

Барлық жаңалық