Ақнәр Хамиттің анасына бұрын-соңды айтылмаған айып тағылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Qaz365.kz порталына сілтеп.
Жұмбақ жағдайда қаза тапқан Ақнәр Хамиттің анасы Гүлстан Хамитке қатысты Қытайда бұрын бірге жұмыс істеген қазақ әйелден тосын айыптау айтылды. Оның айтуынша, Гүлстанға «эмоционалды тұрақсыз тұлғалық бұзылыс» диагнозы қойылған.
Ол 2014 жылы Гүлстан Хамитке және өзіне осы диагноз қойылып, соның салдарынан екеуі де мерзімінен бұрын зейнетке шыққанын мәлімдеді. Әйелдің пікірінше, бұл дерт тұқым қуалайды.
– Меніңше, Ақнәр де осы ішкі күйзелісті бастан кешті, – дейді ол.
Сол уақыттағы оқиғаларды еске алған куәгер Гүлстан Хамиттің әділетсіз шешімдер қабылдағанын да айтып отыр.
– Менің күйеуім Құрмет сол мекемеде қатардағы қызметкер еді. Бірде ол жұмысқа ішімдік ішіп келді. Бұл бір реттік жағдай болса да, Гүлстан оның алты айлық жалақысын бермей қойды, – дейді әйел.
Отбасындағы жағдайға байланысты кешірім сұрамақ болып, үйіне қой алып барғанын да сөз етеді.
– Тізерлеп тұрып жыладым. Ол мені аяқпен теуіп, “Шұғыла, жоғал үйімнен!” деді. Жанымды жегені – жоқшылық емес, тапталған ар мен ашық қорлық, – дейді ол.
Оның айтуынша, сол мекемеде жұмыс істеген тағы бір қызметкер – Жарқын есімді азамат та жалақысыз қалғаннан кейін күйзеліске түсіп, көз жұмған. Көп ұзамай оның күйеуі, сондай-ақ Дамыл мен Қалбият есімді әріптестері де өмірден өткен.
Сонымен қатар, әйел Гүлстан Хамитті ішімдікке салынған, күйеуін тастап кеткен адам ретінде сипаттайды.
– Айқын сабырлы, мейірімді адам еді. Ал Гүлстан өз қолымен бәрін қиратты. Тіпті оны 30 жасында зейнетке кетуге мәжбүрледі. Енді Гүлстан ел алдына шығып, көз жасын төгіп, өзін кінәсіз етіп көрсеткісі келеді. Бірақ мен үнсіз қала алмаймын. Гүлстан, егер осыны оқып отырсаң – мен сенің ісіңмен айналысамын. Өмір – бумеранг, – дейді өз үндеуінде Қытайдағы қазақ әйелі.