Қоғам

“Үнсіз өлім”: Денсаулық пен экономиканы күйретіп жатқан үш дерт

Қазақстанда денсаулық жүйесіне ауыр соққы болып отырған ең күрделі аурудың түрлері анықталды. Аталмыш дерттерді ерте кезде анықтау қиын. Алайда асқынған кезде емдеу қиын әрі қымбат. Салдарынан ел халқының өмір сүру ұзақтығына, экономикасына және әлеуметтік құрылымына айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Үнсіз өршіп жатқан дерт

Қант диабеті осы үш ауыр дерттің бірі. Жұқпалы емес созылмалы ауру. Қазақстанда жыл сайын етек жайып барады. Қазіргі таңда 900 мыңға жуық ересек адам, яғни халықтың 7%-ы осы дертке шалдыққан. Алайда олардың көпшілігі өз диагнозын білмейді. Себебі Қазақстанда дертті ерте анықтау жүйесі ақсап тұр.

Сарапшылардың айтуынша, семіздік аурудың қарқынды өсуінің басты себебі. Зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы жаңа диабет жағдайларының 49,6%-ы артық салмақпен байланысты. Сонымен қатар халықтың қартаюы мен өмір салтының өзгеруі де үлкен рөл атқарып отыр.

Диабет басқа аурулардың, әсіресе қатерлі ісіктің дамуына әсер етеді. Мәселен, диабеті бар адамдарда бауыр ісігі 60%-ға, ал тоқ ішек обыры 20–30%-ға жиі кездеседі. Бұл ағзадағы қабыну процестері мен инсулинге төзімділікпен байланысты. Өкінішке қарай, Қазақстанда да бұл ауру жиі кеш анықталады, ал емдеу қиындай түседі.

Ескі дерттің жаңа түрі

Қазақстанда туберкулёзге шалдыққандар саны 100 мың адамға шаққанда 59 жағдайға тең. Халықаралыө зерттеулерге сүйенсек, Батыс Еуропадағы көрсеткіштен (10–15) бірнеше есе жоғары. Әсіресе дәріге төзімді туберкулёз (ДТ-ТБ) көп кездеседі. Еліміз ДТ-ТБ кең таралған әлемнің 30 елінің қатарына енеді.

Туберкулёздің таралуына көбінесе әлеуметтік жағдайлар әсер етеді. Оның арасында кедейлік, медициналық қызметке қолжетімсіздік және халықтың ақпаратсыздығы кең таралған себептердің бірі. Сондай-ақ туберкулёз көбінесе диабетпен қатар жүреді. Қазақстанда бұл екі дерттің үйлесуі науқастардың шамамен 10%-ында байқалады.

Кеш анықталған қатер

Қатерлі ісік - өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Жыл сайын елімізде 35 мыңға жуық жаңа онкологиялық жағдай тіркеледі. Ал оның 18 мыңы өліммен аяқталады. Ең жиі кездесетін түрлеріне өкпе, сүт безі және бауыр обыры кіреді.

Аталмыш дерт көбінесе өте кеш анықталады. Яғни елімізде скрининг пен ерте диагностика өте әлсіз. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы сатысында анықтау деңгейі тым төмен, ал бұл тірі қалу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар, диабеті бар науқастарда онкологияның даму қаупі жоғары болады, ал мұндай жағдайда химиотерапия да қиындай түседі.

Қымбат ем – елге салмақ

Жоғарыда аталған дерттің басты үш түрі ел экономикасына да елеулі әсер етуде. Қант диабетін емдеуге жұмсалатын жылдық шығын елдің ЖІӨ-нің шамамен 1%-ына тең. 2024 жылы 2 миллиард долларды құраған. Қатерлі ісікті емдеу де денсаулық сақтау бюджетінің үлкен бөлігін құрайды, ал жанама шығындар, мысалы еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі мен мезгілсіз өлім бұл көрсеткішті одан әрі арттырады.

Көрші елдердегі жағдай

Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан  елдері де осы дерттермен күресіп жатыр. МысалыӨзбекстанда қант диабетімен 1,2 миллионға жуық адам (халықтың 6%-ы) өмір сүреді. Туберкулёз жағдайлары жылына 20 мыңнан асады, оның 15%-ы дәріге төзімді. Жыл сайын 20 мыңға жуық қатерлі ісік жағдайы анықталады, жатыр мойны және асқазан обыры жиі кездеседі.

Қырғызстанда қант диабетімен шамамен 300 мың адам ауырады (ересек тұрғындардың 5–6%-ы). Туберкулёзбен ауыратындардың ішінде бұрынғы науқастардың жартысына жуығы дәріге төзімді түріне шалдыққан. Жыл сайын 10 мыңға жуық онкологиялық жағдай тіркеледі, бірақ сүт безі обырының тек 20%-ы ғана ерте сатысында анықталады.

Тәжікстанда диабетпен шамамен 400 мың ересек адам өмір сүреді. Туберкулёздің таралу деңгейі ең жоғары – 100 мың адамға шаққанда 80 жағдай. Жыл сайын 8 мыңға жуық қатерлі ісік жағдайы тіркеледі. Елде медициналық қызметке қолжетімділік шектеулі – әр 100 мың адамға бар болғаны 1,7 дәрігерден келеді.

Аталмыш елдерде де медициналық білімнің жеткіліксіздігі, диагностика мен мамандардың тапшылығы, мәдени тосқауылдар мен стигматизация аурумен күресуге кедергі келтіріп отыр. Мысалы, Қырғызстанда әйелдердің тек 30%-ы жатыр мойны обырына скринингтен тұрақты өтеді. Өзбекстанда туберкулёзге қатысты стигма диагноз қоюды қиындатады.

Не істеу керек?

Сарапшылардың пікірінше, алғашқы медициналық көмекті күшейту, халықтың хабардарлығын арттыру және заманауи диагностикалық құралдарды енгізу қажет. Жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткішін 20–30%-ға арттыруға болады. Адам папиллома вирусына қарсы екпе жатыр мойны обырының таралуын төмендетеді. Ал туберкулёзге қатысты экспресс-тесттер мен жаңа дәрілер басты үміт.

Қант диабеті, туберкулёз және қатерлі ісік қазіргі қоғамның шындығына айналып барады.Аталған дерттер бір-бірімен өте байланысты. Оларды жеңу үшін тұрақты саяси ерік, ұтымды саясат және халықты ақпараттандыруға бағытталған үйлесімді қадамдар қажет. Әйтпесе, үнсіз келіп, үнсіз жейтін бұл дерттер талай адамның тағдырын жалмай береді.

Барлық жаңалық