Қоғам

Полицияны видеоға түсірген блогер Руслан Жанпейісов 4 тәулікке қамалды

Полицияны видеоға түсірген блогер Руслан Жанпейісов 4 тәулікке қамалды

Шымкентте полиция қызметкерлерін видеоға түсіріп, олардың жұмысын сынаған танымал блогер Руслан Жанпейісов 4 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Құжат бойынша есімі Бибарыс Райымбеков саналатын блогердің үстінен екі әкімшілік іс қаралды. Бірінші жағдай 22 сәуір түні Бәйдібек би даңғылында болған. Ол Қызылорда облысынан келіп рейд жүргізіп жатқан полицейлерді видеоға түсіріп, оларға қалай жұмыс істеу керектігін айтқан. Тәртіп сақшылары мұны билік өкілдеріне құрметтемеу деп бағалап, блогерді өз жұмыс орнынан ұстап әкетіп хаттама толтырды.

Алайда сотта оның тікелей эфирде полицейлердің әрекетіне қатысты сұрақ қойған видеосы дәлел ретінде көрсетіліп, бұл іс тоқтатылды. Ал блогерге хаттама толтырған инспекторға қатысты жеке қаулы шықты.

«Бибарыс Райымбековке қатысты қозғалған әкімшілік іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», – деді судья Серік Ниязбеков.

Ал екінші іс бойынша шешім басқаша өрбіді. Блогер Тәуке хан көшесінде Қарағанды облысының полицейлеріне барып, оларды да камераға түсірген. Бұл жолы сот оны құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп таныды.

Әкімшілік сот шешімімен блогерге 4 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды. Оның жазасын өтеу уақыты ұсталған күнінен, яғни 22 сәуірден бастап есептеледі.

Барлық жаңалық