Шымкенттегі резонансты іс аяқталды: танымал медиа маман әрі бұрынғы шенеунік Арай Есенбекке қатысты сот үкімі шықты. Бұл жағдай мемлекеттік ақпараттық тапсырыс пен жеке медиа жобалар арасындағы «нәзік» шекараның қылмысқа қалай ұласқанын көрсетті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты танымал блогер әрі журналист Арай Есенбекке қатысты үкімді жариялады. Сот оны Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі («Бопсалау») бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Іс материалдарына сүйенсек, бұрын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің баспасөз хатшысы болған Арай Есенбек қызметтен кеткеннен кейін жеке медиа жобаларын дамытумен айналысқан. Ол мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы әкімдіктің оң имиджін қалыптастыру үшін қаржы алып отырған. Алайда бөлінетін қаражат көлемі азайғанда, блогер бұрынғы әріптестерінен 10 миллион теңге талап еткен. Егер ақша берілмесе, ол өзінің медиа ресурстарында шенеуніктердің беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз материалдар жариялайтынын айтып, қоқан-лоққы көрсеткен.
Сот процесі де оңай өткен жоқ. Жәбірленуші тарап ретінде танылған Шымкент әкімдігінің қызметкерлері сотқа бірнеше рет дәлелсіз себептермен келмей, отырыстың үш рет кейінге шегерілуіне түрткі болған. Нәтижесінде сот оларды «сотты құрметтемегені» үшін 20 АЕК көлемінде айыппұлға жықты.
Арай Есенбек бұған дейін тек журналистикада ғана емес, саяси аренада да танымал болды. Ол «AMANAT» партиясында жауапты қызметтер атқарып, Шымкент билігінің медиа саласындағы негізгі тұлғалардың бірі болған еді. Алайда ақша бопсалау сәтінде ұсталуы оның мансабына нүкте қойды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, сотталушы тарап апелляциялық шағым түсіруге құқылы.