💰 Экономика

Базалық мөлшерлеме неге асықпай төмендейді?

Базалық мөлшерлеме неге асықпай төмендейді?

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдық 18 пайыз деңгейінде қалдырды. Инфляция наурызда 11 пайызға дейін баяулағанымен, баға қысымы толық сейілді деуге әлі ерте. Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімі нарыққа бір ғана белгі беріп отыр. Баға өсімі орнықты төмендегені анық дәлелденбейінше, ақша саясатын күрт жұмсарту қауіпті, деп жазады Ozgeris.info.

2026 жылғы наурызда жылдық инфляция 11 пайыз болды. Ақпанда бұл көрсеткіш 11,7 пайыз еді. Азық-түлік бағасы 11,7 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,3 пайызға, қызметтер 10 пайызға қымбаттады. Айлық инфляция да ақпандағы 1,1 пайыздан кейін 0,6 пайызға төмендеді. Бұл – жағымды белгі. Дегенмен Ұлттық Банк инфляцияның қазіргі деңгейі 5 пайыздық нысанаға жету үшін әлі де жоғары екенін атап отыр.

Инфляцияның бәсеңдеуіне бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, ақша-кредит шарттары қатаң қалыпта қалды. Екіншіден, теңге бағамының қолайлы серпіні импорттық инфляция қысымын біршама азайтты. Үшіншіден, тұтынушылық кредиттеу баяулап, сұраныс тұрақтана бастады. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық қызмет пен жанар-жағармай бағасын өсіруге қойылған мораторий де баға өсімін тежеуге ықпал етті.

Алайда тәуекел азайған жоқ. Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 14,6 пайызға дейін көтерілген. Бұл – азаматтар баға әлі де өседі деп ойлайды деген сөз. Ал мұндай күтулердің өзі нарықтағы мінез-құлыққа әсер етеді: адамдар ақшасын тез жұмсауға ұмтылады, бизнес алдағы шығынды ескеріп, бағаны алдын ала көтеруі мүмкін.

Экономист Руслан Сұлтанов базалық мөлшерлеме неге бірден төмендемейтінін қарапайым мысалмен түсіндіреді.

«Баға тез өсе бастағанда мөлшерлемені күрт көтереді. Ал баға баяулағанда мөлшерлемені асықпай төмендетеді. Себебі қателіктің құны екі түрлі. Егер мөлшерлемені көтеруге кешіксең, инфляция одан әрі үдейді, кейін оны тоқтату әлдеқайда қиын болады. Ал тым ерте төмендетсең, бағаның қайта өсуін өзің қозғап жіберуің мүмкін. Бұл жұқа мұздың үстімен жүргенге ұқсайды. Аяғыңның астынан мұз сықырласа, бірден кейін шегінесің. Ал алға қарай абайлап, әр қадамыңды байқап басасың. Ақша саясаты да шамамен солай. Бұл жай теория емес, біз мұны бастан өткердік. 2020–2021 жылдары мөлшерлеме шамамен 9–9,5 пайыз деңгейінде тұрды. Сол кезде инфляция 5,6 пайыздан 8,9 пайызға дейін өсті. Яғни ақша онша қымбат болмағанымен, баға бәрібір үдеді. Соңы 2022 жылы инфляцияның 20,3 пайызға дейін шарықтауына әкелді. Бұл ауруды жеңіл кезде емдемей, асқындырып алғанмен бірдей. Мәселе жоғалып кетпейді, тек үлкейеді», дейді экономист.

Сарапшының бұл пікірі қазіргі шешімнің логикасын ашады. Базалық мөлшерлеме – экономикадағы ақшаның бағасы. Ол жоғары болса, кредит қымбаттайды, тұтыну мен инвестиция баяулайды. Бизнеске ауыр тиеді, халыққа да оңай емес. Бірақ инфляция одан да ауыр соққы береді: табысты құнсыздандырады, жинақты жейді, жоспар құруды қиындатады. Наурыздағы бір айлық баяулау көңілге медеу болғанымен, бұл толық бетбұрыс деген сөз емес. Руслан Сұлтанов мұны да нақты сандармен түсіндіреді.

«Қазір көп адам наурыздағы 0,6 пайыздық айлық инфляцияға қарап, баға өсімі баяулады деп тоқтайды. Бірақ сәл артқа қарасақ, басқа көрініс шығады. Қарашада айлық инфляция 0,8 пайыз, желтоқсанда 0,9 пайыз, қаңтарда 1 пайыз, ақпанда 1,1 пайыз болды. Төрт ай қатарынан баға өсімі үдеді де, тек бір айда ғана қарқын бәсеңдеді. Бұл әзірге тұрақты тренд емес. Жылдық инфляция 11 пайыз. Қарапайым тілмен айтсақ, бұрын 100 мың теңге тұрған нәрсе қазір 111 мың теңге шамасында. Оның үстіне бұл бір ғана тауарға қатысты емес. Азық-түлік 11,7 пайызға, күнделікті тауарлар 11,3 пайызға, қызметтер 10 пайызға өсті. Яғни қымбаттау бүкіл тұтыну себетіне жайылып отыр. Осындай кезде мөлшерлемені түсірсек, ақша арзандайды, кредит қолжетімді болады, адамдар көбірек жұмсайды, бизнес көбірек қарыз алады, сұраныс өседі. Ал сұраныс экономика өндіріп үлгеретін тауар мен қызметтен жылдам өссе, баға қайта үдейді. Біз көмектескіміз келеді, бірақ сол арқылы мәселені өзіміз күшейтіп алуымыз мүмкін», дейді ол.

Сыртқы ахуал да Ұлттық Банктің сақ қимылдауына себеп болып отыр. Таяу Шығыстағы жағдай энергия ресурстары, азық-түлік пен тыңайтқыш бағасына қысым түсірді. Бұл әлемнің бірқатар елінде инфляциялық тәуекелді күшейтті. Ресейде баға өсімі әлі жоғары. Еуроаймақ пен АҚШ-та да наурызда инфляцияның жеделдеуі байқалып, Еуропа орталық банкі мен АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.

Ішкі экономикада өсім бар. Алдын ала дерекке сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-наурызда экономика 3 пайызға өсті. Мұнай секторындағы баяулауға қарамастан, құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі мен саудадағы белсенділік жалпы өсімді ұстап тұр. Бірақ бұл да мөлшерлемені төмендетуге автоматты негіз бола алмайды. Өйткені белсенді сұраныс инфляцияны қайта қозғауы мүмкін. Руслан Сұлтанов бизнес тарапынан айтылатын уәжді де жоққа шығармайды. Бірақ оны мөлшерлемені дереу түсіру талабымен теңестіру дұрыс емес дейді.

«Бизнес ақша қымбат дегенде, бұл рас. Бірақ бұл әрдайым мөлшерлемені төмендету керек деген дәлел бола бермейді. Көп жағдайда бұл құралдың жұмыс істеп тұрғанының белгісі. Сұраныс суып келеді, ақша қолжетімділігі төмендейді, экономика сәл тежеледі. Бұл жағымсыз. Біреу жобасын кейінге қалдырады, біреу инвестициясын азайтады, маржа төмендейді. Бірақ инфляция бұдан да қатты ұрады. Ол табысты көзге көрінбей жейді, жинақты құнсыздандырады, жоспарлауды мүмкін емес етеді. Қарапайым айтсақ, қымбат ақша ауыр. Бірақ жоғары инфляция одан да ауыр әрі ұзаққа созылады. Сондықтан таңдау бар: қазір шартты жұмсартып, бәрі жеңілдегендей әсер беруге болады. Бірақ кейін баға қайта үдесе, бәрін қайтадан әлдеқайда қатты қатаңдатуға тура келеді. Немесе сәл шыдап, процесті соңына дейін жеткізу керек. Инфляция екі таңбалы болып тұрғанда, оның төмендеуі бір айлық көрсеткішпен ғана байқалғанда, халық баға өседі деп күтіп отырғанда, мөлшерлемені жылдам түсіруге кеңістік өте шектеулі. Жоғары мөлшерлеме қазір сән-салтанат та, банктерге сыйлық та емес. Бұл – амалсыз шара. Иә, ауыр. Бірақ бағаны қайта үдетіп алып, оны ұзақ әрі қиын тоқтатқан одан да ауыр», дейді экономист.

Алдағы кезеңде Ұлттық Банк бірнеше факторды бақылайды. Біріншісі – инфляцияның баяулау қарқыны. Екіншісі – ішкі сұраныс пен бөлшек кредиттеу серпіні. Үшіншісі – бюджет шығындарының орындалуы. Төртіншісі – реттелетін бағалар мен тарифтер реформасы. Мораторий аяқталған соң тұрғын үй-коммуналдық қызмет пен жанар-жағармай бағасы қайта өссе, бұл бизнестің шығыны арқылы тауар мен қызмет бағасына әсер етуі мүмкін.

Салық саласындағы өзгерістер де бөлек назарда болады. Бизнес жаңа талаптарға бейімделген кезде шығын құрылымы өзгеруі ықтимал. Мұның тұтынушы бағасына қалай әсер ететінін бағалау қажет. Сол себепті Ұлттық Банк ақша-кредит шарттарын жұмсартпас бұрын дезинфляцияның орнықты екенін нақты көргісі келеді.

Қазіргі шешімнің мәні осында. Мөлшерлемені төмендету бәріне керек сияқты көрінеді. Бизнес арзан кредит күтеді, халық та несие арзандағанын қалайды. Бірақ экономикада «қазір жеңілдетудің» ертеңгі құны болуы мүмкін. Егер баға қайта үдесе, бүгінгі жеңілдік ертең әлдеқайда қымбатқа түседі.

Ұлттық Банктің келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 5 маусымда жарияланады. Егер инфляция төмендеу үрдісін сақтап, күтпеген сыртқы не ішкі соққы болмаса, базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі қаралуы ықтимал. Бірақ әзірге басты мақсат – бағаның бір айға ғана емес, тұрақты түрде баяулағанын дәлелдеу.

Барлық жаңалық