Астанада жасанды интеллект саласындағы ең үздік жобалар анықталып, жаңа технологиялық кезеңнің беталысы айқын көрінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai battle және AI Governance Cup ұлттық байқауларының жеңімпаздарын марапаттап, бұл бағыт ел дамуының жаңа тірегіне айналып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде жасанды интеллект тек ІТ саласының жетістігі емес, экономиканың, білім мен медицинаның, мемлекеттік басқарудың өзегіне айналып барады, деп жазады Ozgeris.info.
Президент өз сөзінде жасанды интеллектіні дамыту елдегі ауқымды реформалармен тығыз байланысты екенін жеткізді. Биыл наурыз айында қабылданған жаңа Конституцияда ғылым, білім және инновация мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде бекітілгенін еске салды. Жас әзірлеушілерге қарата сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы:
«Әрқайсыңыздан Қазақстанның жарқын болашағын көремін. Сіздер елімізді жаңа биікке жетелейтін қозғаушы күшсіздер», деді.
Alem.ai battle байқауы аясында төрт бағыт бойынша үздік жобалар анықталды. Жас таланттар арасында жеңіске жеткен SuGuard жобасы қандағы қант деңгейін ине салмай-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қант диабетімен ауыратын адамдарға күнделікті өмірде үлкен жеңілдік әкелетін шешім. Педагогтердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған Ustaz AI платформасы да жоғары бағаланды. Жоба мұғалімдердің күнделікті қағазбасты міндеттерін автоматтандырып, олардың негізгі назарын оқушымен тікелей жұмысқа аударуға мүмкіндік береді.
Robio атты жоба медицина саласында жаңа серпін беретін шешім ретінде танылды. Жасанды интеллектке негізделген диагностикалық қолғап ісіктерді ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Бұл құрылғы қымбат құрал-жабдықсыз бастапқы тексеру жүргізуге жол ашады.
Ал NCSPEECH стартапы жасанды интеллект жүйелерін оқытуға қажетті сапалы деректерді жинау мен өңдеуді жолға қоятын сервис ұсынды. Бұл жоба елдегі басты мәселелердің бірі – жергілікті деректер тапшылығын шешуге бағытталған.
Сонымен қатар AI Governance Cup байқауы мемлекеттік сектордағы цифрлық шешімдердің деңгейін көрсетті. Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік бағытында, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі экономика саласында, Астана қаласының әкімдігі әлеуметтік саясатта, Ақмола облысы өңірлік басқаруда, Қарағанды облысы халыққа қызмет көрсету бағытында, ал KEGOC компаниясы квазимемлекеттік секторда үздік деп танылды. Бұл жобалар жасанды интеллекттің мемлекеттік басқаруда нақты қолданылып жатқанын дәлелдейді.
Жиында тағы бір маңызды бастама жарияланды. Астанада жасанды интеллектке арналған ұлттық зерттеу университеті құрылмақ. Бұл оқу орны жаңа буын мамандарын даярлауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және әзірлемелерді экономикаға енгізуге бағытталады. Университет EXPO аумағында орналасып, Astana Hub халықаралық технопаркімен және Alem.ai орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Оқу процесі 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталады. Бастапқы кезеңде бакалавриат және магистратура бағдарламалары іске қосылады. Білім беру жүйесі AI+X қағидатына негізделіп, студенттер жасанды интеллектті қаржы, энергетика, медицина, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару секілді түрлі салаларда қолдануды меңгереді.
Жоғары оқу орны жанынан AI Research Hub зерттеу орталығы ашылады. Мұнда қолданбалы жобалар әзірленіп, халықаралық гранттар тартылып, бизнес құрылымдармен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар елдегі жоғары оқу орындарын біріктіретін AI+X консорциумын қалыптастыру жоспарланған.
Жобаның түпкі мақсаты – Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру. Яғни, маман даярлаудан бастап технологияны өндіріске енгізу мен коммерцияландыруға дейінгі толық циклді жолға қою.