Қазақстанда діни салада жаңа цифрлық жоба іске қосылмақ. Мамыр айында Imam AI атты жасанды интеллект жүйесін пилоттық режимде енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама сенушілердің діни сұрақтарына жедел әрі сенімді жауап алуға мүмкіндік беруді көздейді, деп жазады Ozgeris.info.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, жоба мамыр айының басында іске қосылады. Жүйе қолданушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп қана қоймай, тексерілген діни ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтеді.
Жалпы, бұл бастама діни ұйымдардың да заманауи технологияларды белсенді игере бастағанын аңғартады. Бұған дейін діни сұрақтарға жауап алу үшін арнайы мамандарға жүгіну қажет болса, енді жасанды интеллект арқылы қажетті ақпаратты әлдеқайда жылдам алуға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар бұл жүйе имамдар мен дін мамандарына түсетін жүктемені азайтып, олардың уақытын күрделі мәселелерге бағыттауға жол ашады.
Айта кету керек, Imam AI жобасы алғаш рет 2026 жылдың қаңтар айында жария болған еді. Ол діни-ағартушылық жұмысты жаңғыртуға және ақпаратты таратуда цифрлық құралдарды кеңінен пайдалануға бағытталған бастамалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.