Түркістан облысында волейбол жарысына бара жатқан жас спортшылар мінген көлік жүк көлігімен соғысып, 3 бала оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға 22 сәуір күні Арыс пен Шардара тасжолында болған. Полицияның мәліметінше, Chevrolet Cobalt пен КамАЗ көліктері жолда соқтығысқан. Жеңіл көліктің ішінде Мақтаарал ауданының мектеп оқушылары мен олардың жаттықтырушысы болған.
Апат салдарынан жеңіл көліктегі 3 жолаушы сол жерде көз жұмды. Рөлде отырған жаттықтырушы мен тағы 1 бала ауруханаға түсті. Жүк көлігінің жүргізушісі аман қалды, қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Зиятаевтың сөзінше, балалар Түркістан қаласында өтетін турнирге бара жатқан.
«Кәмелетке толмағандарды тасымалдау туралы мемлекеттік органдарға, оның ішінде полицияға хабарланбаған», – деді ол.
Қазіргі таңда полиция апаттың толық мән-жайын зерттеп жатыр. Сонымен қатар балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау міндеттерін дұрыс орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес нақты шешім қабылданады.
Тәртіп сақшылары азаматтарды жол жүру ережесін қатаң сақтап, жолда өте мұқият болуға шақырды.