Солтүстік Қазақстан облысында танысын балтамен өлтіріп, мәйітін төсек астына жасырған 53 жастағы әйел 14 жылға сотталды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Биыл 27 ақпанда Бескөл ауылының тұрғыны ауласында отын жарып жатқан кезде жанына мас танысы келіп, кетуден бас тартқан соң арада жанжал шыққан.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, әйел ер адамды қорқытпақ болып балтамен екі рет ұрған, алайда құралдың өткір жүзі байқаусызда оның желкесіне тиіп кеткен.
Оқиғадан кейін ол едендегі қанды жуып, марқұмды жатын бөлмедегі төсектің астына тығып қойған. Күдікті бірнеше күн бойы сол мәйіт жатқан төсекте ұйықтап, жұмысына барып, ауылдастарымен ештеңе болмағандай қалыпты өмір сүре берген.
Марқұмның туыстары полицияға арыз түсіргеннен кейін тәртіп сақшылары әйелді жұмысынан үйіне әкелген кезде пәтер ішінен мәйіт иісі шығып, қылмыстың беті ашылды.
Сотта әйел телефонында баланс болмағандықтан полицияға қоңырау шала алмағанын алға тартты. Бірақ сот оның жәбірленушіге көмек көрсетпегенін және қалыпты тіршілігін жалғастырғанын ескеріп, бұл сөзді жауапкершіліктен жалтару деп бағалады.
Бұған дейін де кісі өлтіргені үшін сотты болған әйелдің бұл әрекеті қауіпті рецидив деп танылды.
«Айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья Ерлан Нұршарыпов.
Сотталған әйел жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді және маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделеді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, ал ол сот шешімін апелляциялық тәртіппен қайта қаратуға ниетті.