Ресей мемлекеттік думасындағы ЛДПР фракциясы басшысының орынбасары Сергей Леонов Алматыға келіп, Владимир Жириновскийдің балалық шағы өткен үйге ескерткіш тақта ілу туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бұл туралы хабарлаған "Петербургский Дневник" басылымының мәліметінше ресейлік шенеунік жұмыс сапары барысында саясаткер дүниеге келген жерге арнайы барған.
Белгілі болғандай Жириновский қала орталығындағы Масанчи көшесінде орналасқан 79-үйдің екінші қабатындағы 3 бөлмелі пәтерде тұрған.
«Бұл үйге саясаткердің 80 жылдығы қарсаңында келуімнің символдық мәні бар. Ғимараттың қасбетінде осында ұлы ресейлік саясаткер Владимир Вольфович Жириновский туды деген ескерткіш тақта пайда болса керемет болар еді. Сол кезде бұл аңызға айналған үй туралы көп адам біліп, оның өмірімен жақынырақ танысар еді», - деді Леонов.
Қазіргі уақытта көрші елде Жириновскийдің 80 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық жүріп жатыр.
Ол 1946 жылы 25 сәуірде Алматыда дүниеге келіп, кейін Ресейге қоныс аударған. Онда саясаткер ЛДПР партиясын құрып, көп жыл бойы оны басқарды әрі мемлекеттік думаға сайланып, президенттік сайлауларға да қатысты.