"Қазақмыс" корпорациясының басшылығы мен 800-ге жуық жұмысшысы бірнеше өңірде жаппай тазалық жұмыстарын жүргізіп, елді мекендерде жүздеген ағаш отырғызды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Республикалық "Таза Қазақстан" акциясы аясындағы тазалық шарасы Астанадағы №52 мектеп-гимназиясының аумағынан басталған. Бұл жерде "Қазақмыс" тобының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі компания қызметкерлерімен бірге 200 түп ағаш отырғызды.
Экологиялық шара Қарағанды облысында жалғасын тауып, өндірістік алаңдар мен ауылдар жасыл желекпен толықты. Жұмысшылар Шешенқара кентінде 30, Бақты ауылында 50 көшет екті. Оған қоса "Абыз" кеніші мен Қарағанды құю-машина жасау зауытының аумағына 20 түптен ағаш отырғызды.
Сонымен қатар компания орналасқан аймақтарда ауқымды сенбіліктер өтті. Өткен аптада 800-ге жуық жұмыскер кәсіпорын аумағы мен қоғамдық орындардан 580 тонна қоқыс жинап, оны шығаруға 28 арнайы техника жұмылдырды. Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында өткен тазалық жұмыстары кезінде Балқаш көлінің жағалауы да қоқыстан тазартылды.
Компания мұндай бастамалар өңірлердің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын хабарлады.