Елордадағы Ақордаға қарама-қарсы орналасқан Президент саябағында жаңа мекемелердің құрылысы басталып, бұл жағдай тұрғындар арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Politico.kz-ке сілтеме жасап.
Астаналықтар саябақ аумағындағы жаңа демалыс орындарының салынуын белсенді талқылап жатыр. 2ГИС картасында бұл аумақта «Қабылдау үйі» мен Sichou және Villa Dei Fiori мейрамханалары пайда болатыны көрсетілген.
Threads желісінің бір қолданушысы осы нысандарға қатысты қосымшада пікір қалдырмақ болғанын, алайда модераторлар оны бұғаттап тастағанын жеткізді.
«Яғни, саябақтың ішіне біреудің алматылық мейрамханасын тығып қойған, қандай негізде қалалық Президент саябағына біреудің мейрамханасын кіргізуге болады, мен болып жатқан жағдайға таңмын», – деп жазды жазба авторы.
Бұл тақырып саябақтың ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары мен қарапайым инфрақұрылымның жоқтығына шағымданған басқа да тұрғындардың назарын аударды. Олар мұндай керемет саябақта мейрамхананың қажеті жоқ екенін жазып жатыр.
Желідегі тағы бір пікір иесі орташа чегі 20 мың теңге болатын мейрамханаға қарсы екенін, оның орнына жетіспейтін дәретханалар салған дұрыс болатынын алға тартты. Оның айтуынша, саябақты жөндеу жұмыстары 2 жылдан бері жалғасып келеді.
«Егер бұл мейрамхана иесінің есебінен жасалса сұрақ жоқ, ал мына жерде бәрі дайын дүниеге келіп отыра қалыпты», – деді ол.
Сонымен қатар, халық арасында бұл ғимаратты бастапқыда Президент пен оның қонақтарына арналған қабылдау үйі болады деп сендіргендерін айтқандар да табылды. Желі қолданушылары қалада басқа орын жоқ сияқты жағалау мен саябақты бүлдіргеніне наразы болып, мұның бәрі өте күдікті екенін атап өтті.
Дегенмен, қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Кейбір адамдар жаңа нысандардың ашылуында тұрған ештеңе жоқ екенін және салынып жатқан мейрамханалар сапасымен ерекшеленетінін айтып, құрылысты қолдап отыр.