📰 Сарапшылар пікірі

Алматының ауасы улап жатыр: Созылмалы өкпе ауруына шалдыққандар көбейді

Алматының ауасы улап жатыр: Созылмалы өкпе ауруына шалдыққандар көбейді

Алматыда тыныс алу жүйесіне қатысты маңызды кездесу өтті. Дәрігерлер мен ғалымдар созылмалы обструктивті өкпе ауруы жайында сөз қозғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл ауру бүкіл әлем бойынша өлім-жітім себептерінің ішінде үшінші орында тұр. Сарапшылар Алматылықтарды сақ болуға шақырды. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Кездесуге Қазақстанның бас пульмонологы Наталья Латыпова, Almaty Air Initiative ұйымының басшысы Жұлдыз Саулебекова, медицина ғылымдарының докторы Дамиля Нұғманова және осы диагноз қойылған журналист Надежда Занина қатысты.

Статистика бойынша,  әлемде 384 миллион адам осы ауруға шалдыққан. Қазақстанда әр 100 мың адамның ішінде 300-ден 500-ге дейін адамда созылмалы обструктивті өкпе ауруы анықталады. Көрсеткіш бойынша Алматы алда тұр, ал Маңғыстау мен елдің батыс өңірлерінде жағдай тұрақты.

Ауру жасырын түрде өтеді

Созылмалы обструктивті өкпе ауруының ең қауіпті тұсы бар. Ол бірден байқалмайды. Ауру өте баяу дамиды. Алғашында адам жөтеле бастайды, кейін ентігіп, жиі бронхит немесе өкпесі қабынады. Алайда көпшілік аталмыш белгілерге аса мән бермейді дейді мамандар. Әсіресе зауыттарда жұмыс істейтін немесе темекі шегетін адамдар.

Аталмыш ауру өкпенің ең кең таралған созылмалы түрі. Қазақстанда бұл дерттен қайтыс болу деңгейі өкпе қабынуына қарағанда үш есе жоғары. Көптеген адамдар ауа жетіспеушілігін сезінгенде ғана дәрігерге қаралады екен. Ол кезде ауру тым асқынып кетеді. 

Бұл ауруға шалдыққан адамдар өкпенің жеткіліксіздігінен қайтыс болады. Сондай-ақ қауіпті індет мүгедектікке алып келеді. 

Ауруды COVID-19-дан кейінгі жағдаймен немесе жай тұмаумен шатастырып алу оңай. Негізгі белгісі - жөтел. Егер адам екі жыл қатарынан жыл сайын кемінде үш ай үздіксіз жөтелсе, бұл созылмалы обструктивті өкпе ауруының белгісі болуы мүмкін. Алайда көпшілік мұны «тек тұмаудың қалдығы» деп жүре береді.

Тыныс алуға қауіпті ауа 

Бұрын бұл дерттің негізгі себебі темекі шегу деп есептелген. Қазір ауа сапасының да үлкен рөл атқаратыны анықталып отыр. Алматы ауасында ұсақ зиянды бөлшектер, яғни PM2.5 деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормаларынан 5 есе көп. Бұдан бұрын біз ел халқының өмірін қысқартып жатқан у туралы жазған едік. 

«Егер ауаның ластануын темекімен салыстырсақ, қараша мен ақпан аралығында алматылықтар орта есеппен айына 70 темекі шеккенмен бірдей», — дейді Жұлдыз Сәулебекова.

Көлік шығарындыларынан бөлінетін азот диоксиді де өте қауіпті. Алматыда оның мөлшері қауіпсіз деңгейден 4,2 есе көп. Бір жылдың 16 күні ғана ауа сапасы санитарлық талаптарға сәйкес келеді екен. Ал жол бойында тұратын адамдарда созылмалы обструктивті өкпе ауруына шалдығу қаупі 79%-ға жоғары.

Қауіпті аймақтар қатарына Алматыдан бөлек, Өскемен, Теміртау және Қарағанды сияқты өндірістік қалалар да кіреді. Аталған қалаларда көліктерде зиянды заттарды сүзетін катализаторлар жоқ, ал қоқыс, пластик бөтелкелер, шиналар мен жөргектерді далаға лақтырып, өртеу күнделікті кездесетін көрініске айналды. 

Не істеу керек?

2003 жылдан бастап бүкіл әлем бойынша өкпенің созылмалы обструктивті ауруы күні аталып өтеді. Қазақстан мәселеге бей-жай қарамай, мемлекеттік деңгейде алғашқылардың бірі болып мойындады. Қазір науқастар тегін ем ала алады, дәрі-дәрмек те үнемі қолжетімді. Алайда мамандардың айтуынша, қоғамда созылмалы жөтел әлі күнге дейін «қалыпты» құбылыс ретінде қабылданады, сондықтан көпшілік тексеруден өту қажет деп ойламайды.

Сарапшылар бірнеше кеңес берді.

         •        Үнемі қайталанатын жөтел және ентігу байқалса қаралыңыз;

         •        Өкпеңізді тексеріп тұрыңыз, соның ішінде спирометрия әдісімен;

         •        Тыныс алу жаттығулары мен спортпен айланысыңыз, таза ауада жасаған дұрыс;

         •        Мұрын мен тыныс жолдарын ерітінділермен жуып отырыңыз;

         •        Темекіден бас тартыңыз.

Мамандар адамдардың өз денсаулығына мән бермей, дем ала алмай қалғанша жүре беретініне қарсы. Емделуді неғұрлым ерте бастаған адам мүгедектікке шалдықпайды, сондай-ақ, өмір сапасын сақтау мүмкіндігі жоғары болады. 

Барлық жаңалық