Ашық порталында талқыланып жатқан құжатқа сай, байланыс операторлары жылдық табысының 3%-ын арнайы қорға аударуға міндеттеледі. Ресми мәлімдемеге сәйкес, бұл қаражат интернет сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауға жұмсалмақ. Алайда сарапшылар мен заңгерлер бұл шығындар түптеп келгенде қарапайым тұтынушылардың мойнына ілінетінін ескертіп отыр. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Салдарынан интернет пен байланыс қызметтері тағы қымбаттауы мүмкін. Одан бөлек сарапшылар аталмыш қордың ашықтығы мен ақшаны жұмсау механизмінің ашық болуына күмәнмен қарайды.
Осы ретте орынды сұрақ туындайды. Бұл қордың қажеттілігі қандай? Қаржы нарығының сарапшысы Бауыржан Мұқанов жауап берді.
«Біріншіден, мұндай қорға қандай мүқтаждық бар? Цифрлік дамыту агенттігі өздері де білмейтін сияқты. Мемлекеттің басты мақсаты инфрақұрылым, цифрлі даму, су тарту, жол салу сияқты міндеттер. Егер осыларды жасай алмай, басқа бір қор құратын болсақ, аталмыш министрліктің қажеті қанша? Егер барлық қызметті осылай бөле беретін болсақ, ондай қорлар мен ұйымдар бізде көп. Байланыс операторлары қазірдің өзінде салық төлеп отыр. Сол салықтың өзі министрліктің қор арқылы көздеген мақсатын орындауы керек еді. Егер қор құратын болса, салықтан босатсын. Мен оларды қорғап отырғаным жоқ», - дейді маман.
Мемлекет өзіне сенбейді дейді эксперт. Яғни өзінің тікелей міндеттемесін аутсорсинг компанияға жүктей салды. Қоғамда тағы бір пікір қалыптасты. Сапаны арттыру жұмысын байланыс операторлары жасау керек еді. Капиталистік әлемде әр бизнес өзінің ұзақ мерзімді жоспарын құру керек.
«Бізде көптеген байланыс операторлары бар. Олар қай жерде интернет жоқ, немесе сапасы ақсап тұр барып жақсарту керек, себебі пайдасын ертең көретін өздері. Мысалы ауылдық жерге барып интернет тартамын деп өзара тартысуы керек, мемлекеттің бас қатыратын шаруасы емес негізі. Бәсеке деген осындай болуы керек, тіпті потенциалды клиенттерге таласуы керек, алайда бізде бар клиенттерге таласпай отыр», - дейді маман.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ұялы байланыс операторларының кірісі 2022 жылы – 1,1 трлн теңге, 2023 жылы – 1,2 трлн теңге, 2024 жылы – 1,36 трлн теңге, 2025 жылдың 4 айы бойынша – 470,9 млрд теңге.
Осы ретте сарапшылар мемлекеттің бұл ісі заңсыз деп санайды. Себебі мемлекеттің салық алудан басқа құзыреті жоқ, сондықтан аталмыш қорға ақша аударуға операторларды мәжбүрлей алмайды. Сондықтан әзірге қордың түсімі қалай жүзеге асатыны белгісіз.
«Ал егер мемлекет пен операторлар осыған келісетін болса, компаниялар қарсылық білдірмесе, онда бұл таза сыбайластық. Екеуі келісіп жасап отыр деп айтуға болады. Себебі операторлар арасында ешқандай бәсекелестік жоқ. Түптеп келгенде қиналатын халық, адамдар оларды тарифті өсіргені үшін сотқа бере алмайды, себебі халықтың құқығын қорғайтын ешкім жоқ. Ұнамаса қолданба деген сөз», - дейді сарапшы.
Айта кетейік, қазір «250+» бағдарламасы бар. Ол онсыз да операторларды қосымша жарналар мен төлемдерден босатады. Аталмыш жоба 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатыр. Мақсаты 250 және одан да көп адамы бар ауылдарды жоғары жылдамдықтағы мобильді интернетпен қамтамасыз ету. Бұл бастама қала мен ауыл арасындағы сандық теңсіздікті азайтуға бағытталған.
Бағдарлама аясында 1000-нан астам ауылға мобильді байланыс пен интернет желісі тартылды. Қызметті Beeline, Tele2/Altel, Kcell сияқты ірі операторлар ұсынады. Жобаны негізінен байланыс операторлары өз инвестициялары есебінен жүзеге асырады. Мемлекет тарапынан салықтық жеңілдіктер мен ынталандыру шаралары ұсынылған.
Заңгер Ержан Есімханов та қорға түсетін ақшаның тиімді жұмсалатынына күмән білдірді. Бұған дейін де ұқсас құрылымдарда қаражаттың тиімсіз жұмсалған фактілері тіркелгенін еске салды. Ал жаңа жоба аясында алынатын 3% жарна ақшалай қанша екеніне тоқталсақ, жылына жамамен 10 млрд теңге, яғни 50-120 миллион доллар шамасында. Бұл аз ақша емес.