Қазақстандықтардың қаржыға деген көзқарасы екіұдай. Ақшасын жастық астында не банкте сақтап, жылжымайтын мүлік алуды армандайтындар көп. Бірақ ол қаражат нақты экономикалық айналымға түспейді. Бір мезетте кәсіп бастайын деген жастар инвестор таппай, жобаларын тоқтатуға мәжбүр. Екеуінің арасын жалғайтын көпір бар ма? Бар. Бірақ әлі толық орнықпаған – ол краудинвестинг. Осы тақырыпты қаржыгер әрі подкастер Батырхан Елемес YouTube арнасында сөз етті, деп жазады Ozgeris.info.
Подкасттың атауы – «Инвестор ақшасы қайда кетеді? Қазақстандағы краудфандингтің мәселелері мен келешегі». Студия қонақтары – iKapitalist платформасының негізін қалаушы Нұрбек Раев пен қаржы директоры Дәурен Баймағамбетов – бұл саланың ішкі «асханасын» ашып көрсетті. Нұрбек Раев атап өткендей, қазақстандықтар инвестицияға қарсы емес. Бірақ жүрексінеді.
«Қоғамда үрей басым. Себебі «Финико», «Questra World», «Гарант 24» секілді қаржы пирамидалары елдің үмітін таптады. Енді халық сенім емес, қорған іздейді», дейді ол.
Рас, қаржы пирамидасынан күйіп қалған жұрт енді нақты кепілсіз, заңмен қорғалмаған ортаға қаржы құюға тәуекел ете алмайды. Нұрбек айтқандай, адамдарда «өз ақшамнан айырылып қалам ба?» деген қауіп мықты. Бұл – тек эмоционалды емес, заңмен де негізделген қауіп. Дәурен Баймағамбетовтың айтуынша, қазір Қазақстанда краудинвестингке қатысты нақты заңнамалық база жоқ.
«Инвестор ақшасын жоғалтса, оны қорғап қалатын тетік жоқ. Біздің платформада келісімшарт пен тәуекелдер толық түсіндіріледі. Бірақ бұл бәрібір жеке бастамалардың арқасында ғана жүріп жатыр», дейді сарапшы.
Осы себепті краудинвестинг әлі де «жабық клуб» күйінде. Нарық ойыншылары ережесін өздері жазып, өздері түсіндіреді. Бұл жүйе әділ ме? Жоқ. Бірақ ол жүйе мүлде болмағаннан жақсы.
«Қазақ қоғамы қаржылық сауатқа баяу болса да бет бұрды. Әсіресе жастардың белсенділігі үміт отын үрлейді. Олар банктен емес, цифрлық инвестициядан, пассив табыстан үміт күтеді», дейді Нұрбек Раев.
Подкаста сөз алған қаржы директоры Дәурен Баймағамбетов краудинвестингтің басты мәселесі ретінде құқықтық вакуумды атап өтті.
«Қазақстанда краудфандинг пен краудинвестинг туралы заң жоқ. Инвестор ақшасын жоғалтса, оны қорғайтын механизм де жоқ. Қазір біз тек жеке бастама деңгейінде жұмыс істеп жатырмыз», дейді ол .
Сарапшының айтуынша, платформада келісімшарт жасалып, тәуекелдер түсіндіріледі. Алайда бұл заңмен бекітілмеген, яғни құқықтық тұрғыда ешқандай кепіл жоқ. Мемлекет бұл бағытта нақты қадам жасамайынша, платформа иелері мен инвесторлар өзін-өзі қорғауға мәжбүр. Нұрбек Раев та бұл ойды жалғастырып, халық сенімінің төмен болуы заң мен жүйенің әлсіздігімен байланысты екенін айтты.
«Инвесторлар онлайн платформа арқылы ақша салудан қорқады. Бәрі нақты заң керек деп отыр. Әйтпесе сенім мен тұрақтылық болмайды», дейді ол .