Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, әскери басқару органдарына жеткізу туралы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған видеоматериалдарға байланысты ресми түсініктеме берді деп хабарлайды ozgeris.info сайты turkystan.kz сайтына сілтемемен.
Министрліктің мәліметінше, елімізде мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заң талаптарына сай жүргізіледі. Алайда бұл науқан кезінде кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе шақыру қағазын алғанымен, белгіленген уақытта келмеуі сынды қиындықтар туындайды. Мұндай жағдайлар көбіне азаматтардың тіркеуде көрсетілген мекенжайда тұрмауынан немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуінен орын алады.
Егер шақыру қағазын азаматқа тікелей табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуге ішкі істер органдары жұмылдырылады. Рейд барысында кейбір азаматтар полицияның заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсететін жағдайлар кездеседі. Мұндай әрекеттер олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне әкеледі.
Шақыру пункттерінде азаматтардың әскерге алыну негіздері тексеріледі. Егер қызметке шақырылуға негіз болмаса – олар үйлеріне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы рәсімдерге қатысады.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.