📰 Сарапшылар пікірі

Дипломатияның әлсіздігі мен тәуелділік: Қазақстан су үшін соғысуға дайын ба?

Дипломатияның әлсіздігі мен тәуелділік: Қазақстан су үшін соғысуға дайын ба?

Орталық Азиядағы барлық ірі өзен трансшекаралық. Аймақтағы бес мемлекеттің ішінде Қырғызстанның ғана өз өзендері бар, ал Қазақстандағы ірі сегіз су артериясының жетеуі көрші елдерден бастау алады. Өзендердегі су ағынының жыл сайын қысқаруы айтарлықтай экологиялық проблемалар туғызып отыр. Құрғақшылық пен ылғалдың жетіспеуі ауыл шаруашылығына және адамдардың денсаулығына әсер етуде. Қазіргі проблеманың ауқымы қандай, ғалымдар мен сарапшылар қандай болжам жасайды? Мемлекеттер нендей шара қолданып жатыр? Қазақстан су туралы ғылымды қалай жандандырмақ және Су ресурстары министрлігі не үшін құрылды? Жаһандық жылыну ең алдымен Орталық Азияға кері әсерін тигізіп жатыр. Сарапшылар суды бөлісу үшін қақтығыстар болуы мүмкін деп болжайды. Біздің ел ондай сценарийге дайын ба және су ресурстарын сақтау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Бұл сұрақтардың жауабын Ozgeris.info тілшісі анықтап көрді.

Трансшекаралық суға тәуелді Қазақстан 

Арал XX-ғасырдың трагедиясы. 1960- жылдардан бастап Орталық Азия елдерінде суармалық егіншілікке басымдылық беріле бастады. Соның салдарынан Әмудария мен Сырдария өзендерінен Аралға құйылатын су деңгейі күрт төмендеді. Теңіз тартылып, климаттың өзгеруінен өңірді экологиялық апат жайлады. Ғалымдар Аралдың құрғап қалған табанынан көтерілген тұзды құмды дауыл 800 шақырымға дейін ұзап кететінін анықтаған. Арал проблемасын реттеу мақсатымен 1993 жылы Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Солай кіші Аралды сақтап қалдық. Дегенмен, қазір аталмыш бассейнде 1960-жылғы судың 10%-ы ғана қалған.

Су Орталық Азияның басты проблемасы. Әсіресе, аймақтың қақ ортасында орналасқан, мұхитқа шығар жолы жоқ, трансшекаралық бассейндерге тәуелді әрі мемлекетаралық ірі өзендердің аяқ жағында орналасқан Қазақстан су тапшылығын өзгелерге қарағанда ең көп көріп отыр.

Сырдария - Орталық Азиядағы ең ірі өзен. Ұзындығы 2212 шақырым. Осы судың 9,8% -ын Қырғызстан, 9,7%-ын Тәжікстан, 73,3%-ын Өзбекстан пайдаланады. Қазақстанға тиесілісі – 7,2%. Су бассейнінде 25 млн адам тіршілік етеді.

Елімізде ірілі-ұсақты 85 мың өзен, 8 су бассейні бар. Алайда осы сегіздің Ертіс, Іле, Жайық, Сырдария сынды ірілері сырттан келеді.

«Суға ең мұқтаж елдердің ішінде 67 мемлекет бар, соның ішінде біз 60-орындамыз. Сырдария бассейні бойынша 90%-ға жуық суды Орта Азия елдері арқылы аламыз, Жайық пен Каспий су бассейні бойынша 71% суды Ресейден аламыз. Шу, Талас бойынша 75% суды Қырғызстаннан аламыз», - дейді Мәжіліс депутаты Әли Бектаев.

Қытай мен Қазақстанға ортақ 25 өзен бар. Солардың бірі - Іле. Жетісу жеріндегі ең ірі өзеннің суы соңғы 10 жылда күрт азайған. Себебі Қытай су шаруашылығын реформалау туралы 5 жылдық жоспарын жариялады. Соның негізінде Іленің бойында 13 су қоймасын салып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы орнатты. Бізге тиесілі су осылайша азайған. Алайда Тынық мұхиттағы температураның көтерілуіне байланысты, қыс қарлы, жаз жауын-шашынды болып, былтыр Іле толып, Қазақстанға көп су келген. Ілемен келген мол су Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасын да қарқ қылған.

Қапшағай су қоймасы 1970-жылы Іле өзенінің арнасында жылына 1 млрд Кв/сағат ток өндіретін су электростанциясын салумен пайда болған жасанды айдын. Қоймада 28 текше шақырым су болған. Бірақ көп жылдан бері Іленің таяздауына байланысты, Қонаев қаласын ауыз сумен қамтып, егіс алқаптарын суарып отырған қойма да ортайды. 

Балқаш көлінің 80%-ы Іле өзені арқылы келеді. Егер көл қазіргі 341 метр белгідегі межесінен төмендесе, Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Ондай жағдайда 2030 жылға қарай көл 2 млрд текше метр суынан айырылуы мүмкін дейді сарапшылар.

Ертіс – әлемдегі ең ұзын тұщы су жүйесінің бірі. Алтай тауынан бастау алып, Қытайдың қазақ елінен өтетін трансшекаралық өзен. Ол осылайша Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары арқылы 1700 шақырымға, жолындағы 6 қала мен жүздеген елдімекенге тіршілік нәрін беріп отыр. Сондай-ақ Өскемен, Шүлбі, Бұқтұрма гидроэлектростанцияларын қамтамасыз етеді.  Ертіс өзенінің тағы бір миссиясы бар. Ертіс-Қарағанды каналы арқылы 418 метр өрде тұрған Қарағандының өндіріс орындарына су жеткізеді. Ертіс Ресей арқылы өтіп, әрі қарай Солтүстік мұхитқа барып құяды. Ал Ресейден бізге Жайық өзені келеді. Оның тереңдігі 5 метр болатын, алайда 2020 жылы соңғы 50 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетіп, 2,5 метрге азайды. Ресейде Жайық өзенінің суын реттейтін ірі 4 су қоймасы, 80 гидро түйін бар. Ал өзен арнасын толтыратын шағын топырақты бөгеттерінің саны сол жылдары 3100-ге жеткен. Қазақстанның суға жарымай отырғанына осы фактор әсер етуі мүмкін дейді сарапшылар.

Су тапшылығы Қазақстанды ғана емес, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстанды да алаңдатып отыр. Кезінде Бақытжан Сағынтаевтың «Қырғызға жүгінбеңдер, су Тәжікстаннан келеді» деген сөзі айтылған еді. Ал 2023 жылы Өзбекстан су жібермей, оңтүстік өңір фермалары су тапшылығына ұшырады.

«Орталық Азияның климаты әлемдік өлшеммен алғанда екі есе жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Құрғақшылық өршіп, жаңбыр азайып барады. Соның салдарынан мұздықтар деградацияға ұшырап жатыр. Таудағы қар тез еріп жатыр, ол өзеннің негізгі көзі. Сондықтан екі ұлы өзендегі су азайып барады. Ғалымдар 2050-2090 жылдар аралығында Сырдария мен Әмудария өзені 15%-ға азаяды деп болжайды», - дейді Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қоры Jeff агенттігінің жетекшісі.

Ауғанстан Аралдың табытына соңғы шегені қағып жатыр

«Талибан» Ауғанстанда Кош-Тепа каналының алғашқы бөлігінің құрылысы аяқталғанын және жобаның екінші кезеңі басталғанын мәлімдеді. Каналдың жалпы ұзындығы 285 шақырым. Ауған билігінің жоспары бойынша, жоба 550 мың гектар жерді суарып, бидай мен өзге де дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Яғни елге 500 млн доллар көлемінде пайда әкелмек. Канал құрылысы жөніндегі мәселені Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев те көтерген.

«Іс жүзінде біздің аймақта су ресурстарын пайдалануға жаңа қатысушы қосылды, бірақ ол біздің елдермен ешқандай келісімге міндеттелмеген», - деген еді ол.

Ол Әмудария өзенінің су режиміне каналдың ықпалын зерттейтін жұмыс тобын құрып, Ауғанстан өкілдерін өңірлік су ресурстары жөніндегі диалогқа шақыруды ұсынды.

АҚШ Ұлттық мүдделер орталығы 2024 жылдың қарашасында Ауғанстандағы Кош-Тепа каналы және оның Орталық Азиядағы қауіпсіздікке әсері туралы есеп жариялады. Есепте канал құрылысы әлемдегі су ресурсы ең тапшы аймақтардың бірі – Орталық Азиядағы егіншілік пен ауызсуға қолжетімділікке елеулі әсер ететіні айтылған. Қазірдің өзінде бар су тапшылығы мәселелеріне қоса, Әмудария бассейні мен бүкіл Орталық Азия өңірі климаттың өзгеру салдарымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл өзгерістер планетаның өзге аймақтарына қарағанда әлдеқайда жылдам жүріп жатыр.

Өзбекстан мен Түрікменстанда ауыл шаруашылығы барлық су ресурсының шамамен 90%-ын тұтынады. Оның басым бөлігі мақта өсіруге жұмсалады. Ауғанстанның уақытша билігі канал құрылысын тиімді, тұрақты әрі бейбіт түрде аяқтау үшін үлкен қаржылық, техникалық және дипломатиялық қиындықтарға тап болып отыр.

Өңір КСРО кезінде Әмударияда салынған және ондаған жылдан бері өңірдің су қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп келе жатқан сәтсіз каналдардың қатарына Кош-Тепаны қоса алмайды. Кеңестік мұраның салдарынан Ауғанстан су ресурстарын бөлуге қатысты негізгі келісімдерге кірмей қалған. Кош-Тепа каналы қателік дейді мамандар. Себебі Арал бассейнінен алынатын су мөлшері экологиялық тұрғыдан қауіпсіз шекті деңгейден әлдеқашан асып кеткен. Арал экожүйесін сақтау – тек Орталық Азия үшін ғана емес, жаһандық экологиялық және климаттық тұрақтылық үшін де маңызды. Ауғанстан Әмудариядан су алатын болса, бұл Орталық Азияда суға қатысты және онымен байланысты әлеуметтік-саяси дағдарыстарды ушықтырып, Өзбекстанның Сырдариядан көбірек су алуына, ал Қазақстанға келетін судың азаюына, соның салдарынан Солтүстік Арал экожүйесінің құлдырауына әкелуі мүмкін.

Бұл мәселенің шешімі өңірлік ынтымақтастықта дейді мамандар. Атап айтқанда, экожүйелерді сақтау шартымен азық-түлік жеткізу туралы келісім жасау қажет. БҰҰ дерегі бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақтау және тасымалдау кезіндегі шығындары 50%-ға дейін жетеді. Мұны кедендік кедергілерді жою және бірлескен консорциумдар құру арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл ел Президентінің ұсынысы,  сондай-ақ басқа да белгілі шаралар бар.

Дүниежүзілік банктың бағалауынша (экс-вице-президент Йоханнес Линн бастаған сарапшылар тобының есебі бойынша), Орталық Азиядағы өңіраралық ынтымақтастықты жақсарту жыл сайын қосымша 63,7 млрд доллар табыс әкелуі мүмкін. Бұл Қырғызстан мен Тәжікстанға табиғатты сақтау мақсатында су электр станцияларындағы шығындарын өтеуге қажет сомадан бірнеше есе көп. Сондай-ақ бұл Ауғанстанның жаңа каналдан күтіп отырған табысынан 100 есе артық.

 «Ауғанстанға су емес, азық-түлік керек. Біз оларға табиғатты сақтауға көмектесу үшін азық пен энергияны ұсына аламыз. Қазақстан мен өзге елдер өткеннің қателіктерін қайталау үдерісін сырттан бақылап отыратын емес, БҰҰ-ның UNEP, FAO сынды құрылымдары, өзге елдер мен бизнес өкілдерінің қатысуымен ұлттық мүдделерден тыс, ортақ шешім ұсынатын тарап болуы тиіс», – дейді эколог Булат Есекин.

Ал министр мәселе тек Ауғанстанда емес дейді.

 «Мәселе осы Ауғанстанда соғылып жатқан каналда ғана емес, бүгінде бүкіл әлем бойынша, әсіресе Орта Азияда қалыптасып жатқан судың көлемі 2024-жылға қарай 30%-ға дейін азаяды деген болжам бар. Біз соған дайындалуымыз керек»,- дейді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Қазақстанда үлкен көлемде жер асты суы бар. Алайда оны өте абайлап қолдану керек дейді сарапшылар. Сауд Арабиясы, Иран, Катардың мысалын алсақ, олар жер асты суларына жаппай бас салып, түгін қоймай сарқып алған. Өйткені жер асты суы ең соңғы су көзі саналады.

Астанада 5 жылдан кейін су тапшылығы болады  – Мәжіліс депутаттары

Астанада 5 жылдан кейін су тапшылығы күрделене түспек. Мәжіліс отырысында су қорының жеткіліксіздігі туралы айтылды. Депутаттардың айтуынша, Астананың балама су көзі жоқ. Басқа қоғам белсенділерінің айтуынша, Қазақстан жалпы судан айырылып жатыр. Су реформаларына миллиардтаған қаржы жұмсалғанына қарамастан еліміз осындай жағдайды бастан кешіруде. Мәселен, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында ескі суару тәсілдерінің кесірінен суаруға арналған судың 60%-ы ысырап болып жатыр. Соңғы 10 жылда су саласындағы түрлі жобаларға 250 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген екен.

 «Қазақстан климаттың өзгеруімен қатар трансшекаралық тәуелділікке байланысты өте ауыр су тапшылығының алдында тұр», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықова.

Бұл ретте су бағасы да қымбаттамақ. Су ресурстары министрлігі суаруға арналған және ауызсу үшін жеке тарифтер әзірлеп жатыр. Принципі – аз тұтынсаң, аз төлейсің. Яғни, су үнемделуі керек деген ұстаным басым. Жалпы, министрлік 17 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа Ислам даму банкінен 2,7 млрд доллар несие мен грант бөлінген.

Аймақтағы су мәселесі әзірге циклдық сипаттағы құбылыс. Алайда осылай кете берсе, алдағы уақытта созылмалы жағдайға айналады. Яғни, суға деген зәрулік белгілі бір маусымда емес, жыл бойы жалғаспақ. Жалпы, Қазақстан көрші елдерден үлгі алып, су тапшылығының алдын алуға кешенді түрде кіріскен. Мысалы 27 жылдан кейін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация факультетін қайта ашылды. Осы саланың кәсіби кадрларын дайындалып жатыр. Ғалымдар су үнемдеу технологиясының түр-түрін сынақтан өткізіп, дихандарға ұсына бастады. Дегенмен әлі де мәселе шешіле қойған жоқ. Сондықтан тығырықтан шығудың төте жолы – үнемдеу дейді сарапшылар.

Барлық жаңалық