Қоғам

Бюрократия ма, жемқорлық па: Электронды білезіктерге бөлінген миллиардтар қайда кетті?

Бюрократия ма, жемқорлық па: Электронды білезіктерге бөлінген миллиардтар қайда кетті?

Билік түрмелерді босатамыз деп уәде берген. Бірақ қамауда отырғандар саны күн санап өсіп жатыр. Электронды білезіктерге миллиардтаған теңге бөлінді, алайда нәтиже жоқ. Құрылғылар өте сирек қолданылады, ал түрмелер қайтадан лық толы. Бұл жүйе неге жұмыс істемейді? Бюрократия ма, жемқорлық па, әлде техникалық ақаулар ма? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Түрмелер лық толы, тіпті кризистік жағдайға жақындаған. 6 маусымдағы дерекке сәйкес, елімізде 40 мыңнан астам адам қамауда отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10 мыңнан аса адамға көп. Түрмелердің толуы құқық қорғау жүйесіндегі үлкен мәселе дейді сарапшылар. Бұған балама ретінде көп жылдан бері электронды бақылау білезіктері ұсынылып келеді. Бірақ жаңашылдық әлі күнге дейін толық іске аспай отыр.

Электронды білезіктерді енгізу идеясы алғаш рет 2010 жылы айтылды. Олар шартты түрде сотталғандарды, мерзімінен бұрын босатылғандарды және елден шықпау туралы қолхат бергендерді бақылауға арналған еді. 2014 жылы ІІМ 3 800-ден аса білезік сатып алуға 2,5 миллиард теңге бөлді. Алайда жобаның тым қымбат әрі сенімсіз екені айтылып, қатаң сынға ұшырады. Сенаторлар құрылғыны шешіп тастауға болатынын айтып, оның тиімділігіне күмән келтірді.

2016 жылы сынақ ретінде төрт адамды білезік арқылы бостандыққа шығарған. Алайда оның нәтижесі жарияланған жоқ. 2018–2020 жылдары аталмыш бағыттағы жұмыстар тоқтап қалды. ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев білезіктерді тым қымбат әрі қажетсіз деп танып, олардың орнына смартфонмен бақылауды ұсынды. Билік құрылғыларды сатып алудан бас тартып, оларды жеке компаниялардан жалға алуға көшті.

2022 жылы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) «КаР-Тел» компаниясымен 2 562 білезікті 147 миллион теңгеге жалға алу туралы келісім жасады. Яғни, әр білезіктің құны - 57 607 теңге. Әр құрылғыға білезік, шешуге арналған кілт, қуаттағыш және powerbank кіреді. Қытайдың Gosafe компаниясы шығарған бұл құрылғылар адамның орнын екі метрге дейінгі дәлдікпен көрсетіп, белгіленген аумақтан шығуға немесе білезікті шешуге әрекет жасалса, бірден дабыл береді. Пробациялық инспектор бұған дереу жауап беруге тиіс.

Алайда 2024 жылы сол білезіктерді жалға алу құны күрт өсті. ҚАЖК сол 2 562 құрылғыны 2026 жылға дейін 1,2 миллиард теңгеге жалға алды. Енді бір білезіктің жылдық жалдау ақысы 164 420 теңгеге жетті. Бірақ ҚАЖК төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов білезіктің жалдау ақысы бар жоғы 14 800 теңге екенін мәлімдеген. Яғни, ресми келісімшарттардағы көрсетілген сома жалған болып шықты. 

Мұндай құрылғыларды полиция департаменттері де жалға алуда. 2025 жылы 12 өңірлік департамент бес компаниямен 600 миллион теңгеден аса сомаға келісім жасасты. Мысалы, Түркістан облысының ПД 62 білезік үшін 66,7 миллион теңге жұмсаған. Ақылға сыймайтын сома. Бір құрылғының бағасы 1 076 400 теңге деген сөз. Ал кей жерлерде оларды 321 875 теңгеге алуға болады. 

Негізі мұндай білезіктердің нарықтағы бағасы әлдеқайда арзан. Қытайлық сайттарда олар 150 000 теңгеден сатылса, кей сарапшылар 104 000 теңгеге де табуға болатынын айтады. ҚАЖК бір білезікті сатып алу 150 000 теңге тұрады дейді. Демек, бес жылға жалдау шығыны (2,2 миллиард теңге) сатып алғандағыдан (384 миллион теңге) бірнеше есе көп.

Ал шын мәнінде бұл құрылғылар қаншалықты қолданыста? ҚАЖК барлық білезік қолданылып жатыр дейді. Алайда тәжірибелі адвокат Айман Омарова өз қорғауындағы ешбір сотталушыға білезік тағылмағанын айтады. Тағы бір адвокат Ғалым Нұрпейісов бір ғана жағдайды есіне түсірді. Экстремизм бойынша шартты түрде босатылған адамға білезік тағылған. Бірақ ол құрылғы қатты қызып, ұйқы бермей, өмірін қиындатып жіберген. Ал оны шешу үшін арнайы рұқсат алып, медициналық анықтама жинауға мәжбүр болыпты. 

Бұдан бөлек, құқықтық және техникалық қиындықтар да көп. Құқықтық негіз 2011 жылдан бері бар болғанымен, соттар бұл шараны өте сирек қолданады. Білезіктерді шешуге рұқсат алу да қиын. Пробациялық қызметтер үшін де бұл жүйе қолайсыз. Мемлекеттік сатып алулар жабық түрде өтеді, ал құрылғылардың бағасы мен сапасы әртүрлі. Сайып келгенде түбі жемқорлыққа келіп тірелуде.

Мұндай құрылғылар керек пе?  

Біріншіден, түрмедегі адамды ұстау білезіктен төрт есе қымбат.

Екіншіден, білезік тағылған адам қоғамнан ажырамай, отбасымен бірге өмір сүріп, жұмыс істей алады.

Үшіншіден, қылмыскерді бақылаудың балама жолы. Мысалы, 2024 жылы 17 адам бақылаудан қашқан, көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда аздау.

Алайда ашық статистика мен сапасыз техника жағдайында бұл жүйе қоғам үшін пайдадан гөрі форма үшін жасалғандай әсер қалдырады. Он жылдан астам талқыланған жобаға миллиардтар жұмсалды, бірақ нәтиже жоқ. Небәрі бірнеше мың білезік жалға алынған. Ал босап жатқан түрмелер жоқ. 

Барлық жаңалық