Қазақ тіліне қатысты Заңға қол қойылды

Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заңға дін саласындағы заңнаманы жетілдіруді мақсат еткен жаңа нормалар енгізілген. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің рөлін одан әрі күшейтуге бағытталған өзгерістер бар.

Жол белгілеріндегі жазбалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, мәзірлер және т.б. мемлекеттік тілде жазу, қажет болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше жағдай көзделмесе, орыс және басқа да тілдерде орналастыру көзделеді.

Енді ресми құжаттарды екі тілде сұрауды болдырмау бойынша Заң қолға алынса деген үмітім бар. Құжат айналымы қазақ тілінде болғаны дұрыс.

«Мемлекеттік тіл» деген сөзге мән беретін болсақ, мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі тек қана қазақтардың тілі емес, осы мемлекетте тұрып жатқан баршамыздың ортақ тіліміз болу керек. Мемлекеттік тіл деп сол үшін айтылады. Мемлекет құрушы ұлт төңірегіне топтасып, бір тілде сөйлеу арқылы ғана біртұтас халық бола аламыз.

Мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін заң керек. Осының іске асуы аса маңызды болып тұр.

Қуаныш ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
PhD докторы,
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.