Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «Ашық алаң» бағдарламасында ысырапшылдыққа қатысты пікір білдірді.
«Ысырапшылықтың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?», — деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзін Dauletten телеграм-каналы жариялады.
Астана мешіттерінде ас беру — 20 000 теңге
«Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз! Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастарқан! Минималды баға — 7000 теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не? Мысалы, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанда тек жеті-ақ ас түрі болады. Одан басқа мәзір жоқ. Ұсынбайды! Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды?
Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан бетер соққы болып отыр, — дейді депутат.
Қырғыз халқы шығарған шешім
Жақында ғана көрші Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы марқұмды жерлеу дәстүрі мен әдет-ғұрпын реттеуге қатысты пәтуа шығарған болатын. Пәтуада зиратта құлпытас орнату мәселесіне дейін ерекше назар аударылған. Діни басқарманың қаулысында шариғат талаптарына сай мәрмәр, гранит және темірден жасалған құрылымдар қоюға, сол секілді мемориал мен құлпытас орнатуға тыйым салынғаны көрсетілген, деп хабар таратты қырғызстандық 24.kg.
Сондай-ақ Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы (Муфтият) марқұмды жерлеу және оған құран бағыштау рәсімдеріне қатысты жаңа пәтуа шығарды. Енді қайтыс болған адамның үйінде алғашқы үш күнде мал союға және ас беруге (қазан көтеруге) қатаң тыйым салынады.
Бұл шешім Үкімет қаулысына сәйкес ысырапшылықтың алдын алу мақсатында қабылданған. Сонымен қатар бейсенбіліктерде, жетісі, жиырма күндігі, қырқы, елу екі күндігі және жылы берілген аста да мал союға рұқсат жоқ.
Муфтияттың түсіндіруінше, алғашқы үш күн марқұмның отбасы үшін қаралы күндер болып есептеледі. Осы кезеңде ас беруді үй иесі емес, көңіл айтуға келген жақындары мен көршілері ұйымдастыруға тиіс.
«Бұл пәтуаның мақсаты – қаралы отбасына ауыртпалық салмау және қазаның қамын емес, дұғасын жасауға көңіл бөлу», – делінген Қырғызстан діни басқармасының хабарламасында.
Жаңа пәтуаға сәйкес, енді марқұмға бағышталып оқылатын құран күндерінде жыртыс таратуға да тыйым салынды. Киім-кешек, орамал немесе басқа да киіт үлестіру ысырапшылдық саналады, сондықтан мұндай дәстүрлерден бас тарту ұсынылып отыр.
ПІКІР ЖАЗУ