«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры отандық тауар өндірушілерді (ОТӨ) қолдауды өзінің сатып алу жүйесіндегі басым бағыттардың біріне айналдырды. Бұл бастама Мемлекет басшысы мен ҚР Премьер-Министрінің тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
2024 жылы Қордың сатып алу жүйесі алғаш рет Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Азия даму банкі (АДБ) тарапынан халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді деп танылды. Қор — мұндай ресми тануға ие болған ЕО-дан тыс әлемдегі жалғыз құрылым. Бұл — ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделген жаңа буындағы сатып алу жүйесінің көрсеткіші.
Сатып алудың барлық кезеңдері — жоспарлаудан бастап шарттардың орындалуына дейін — толық цифрландырылып, zakup.sk.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Портал арқылы барлық тендерлер туралы ақпарат (жоспарлар, хабарламалар, шарттар, нәтижелер) ашық әрі авторизациясыз қолжетімді.
Қор 2024 жылы ОТӨ-мен 1,1 трлн теңгеден астам сомаға шарттар жасасты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7 есе артық. Офтейк-келісімшарттар саны да 10 есе өсіп, 191 млрд теңгеге 367 келісім жасалған. Бұл жобалар 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құрып, ұлттық экономикаға 150 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік берді. 2025 жылдың соңына дейін офтейк-келісімшарттар көлемін 210 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.
Қордың портфельдік компаниялары ішінде ОТӨ-ні қолдау бойынша көшбасшылар: ҚТЖ (123,2 млрд тг), Қазатомөнеркәсіп (122,3 млрд тг) және ҚазМұнайГаз (120,1 млрд тг) болып табылады. Офтейк-келісімшарттар бойынша негізгі тапсырыс берушілер қатарында да осы компаниялар бар.
Отандық бизнесті, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Қор электрондық дүкен платформасын іске қосты. Қазіргі таңда онда 14 000-нан астам өнім беруші тіркелген, олардың басым бөлігі — шағын кәсіп иелері.
Айрықша назар аударылатын бағыт — сатып алулардағы ашықтық пен бақылау. Қордың веб-порталы Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі, Жоғары аудиторлық палата, Бәсекелестікті қорғау агенттігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (АНТИКОР) сияқты бақылаушы органдармен тікелей интеграцияланған. Бұл құрылымдардың Қор жүйесіндегі барлық сатып алу деректеріне толық қолжетімділігі бар. Бұл ретте, ашықтық пен бақылау — Қордың стратегиялық басымдығы.
Сонымен қатар, Қор мен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған Жол картасын әзірлеуде. Бұл жұмыс 2025 жылы іске асады.
Мұндай кешенді тәсілдердің арқасында «Самұрық-Қазына» қазақстандық бизнес үшін сенімді әрі ашық серіктеске айналуда. Қор тек сатып алушы ғана емес, сондай-ақ ұлттық өндірісті дамытудың белсенді драйвері ретінде жаңа өндірістерді, импортты алмастыру жобаларын және инвестицияны ынталандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.