Жүрген еді қызыл гүл боп көрініп…


Өмір дерегі көп емес. Өйткені өмірі жаңа басталған. Азан шақырып қойған аты – Салтанат. Жөні – Мадиярқызы. Жарық дүние есігін Сарыағаш шаһарында ашқан. Миллениумды атап өтуге 6 жыл қалғанда. Білімі: колледж тауысқан (университетті де). Сөйтіп жүріп… Бір күні. Өлеңмен дерттеніпті. Күзді жырлайды. Түнді жырлайды. Гүлді жырлайды. Арагідік философияға да барады екен. Мысалы мына «Жауап» өлеңі:

Жанарымда жылтырап, күміс мұңым сырғанап,

Тілсіз мұңын гүлдердің тек түн ғана тыңдамақ.

Неге деген бір сұрақ қалып қойды көкейде,

Ойларыма ой қосып, мұңдарыма мұңжамап.

Кінә болсын кешпейтін, жылу болсын өшпейтін,

Көңіл, шіркін, сонда да тек биікті көксейтін.

Үнсізідіктен ең оңай жауабым жоқ беретін,

Үнсіздіктен ең ауыр жауап та жоқ еститі.

Әдемі. Ойландырады. Ең қадірлі тақырыбы – Ана. Анасына ақтарар сыры көп. Көптен жасырмайды оны:

Махаббатсың!

Нәзік қана гүлсің сен!

Саған ауыр тиеді ғой күрсінсем.

Жүрегімнен тулап аққан жыр да өзің,

Ой-санама сәуле құйған нұрсың сен!

Гүл, күз демекші:

Сарыағашта сансыз үміт егіліп,

Жүрген еді қызыл гүл боп көрініп.

Сары күзді күтіп жүрсем, кетіпті,

Ақ аспаннан аппақ ұлпа төгіліп.

Құдайды да жырлауға көшіпті. Бұл ұлы тақырып! Оны құры эмоциямен жырлауға болмайды. Біліп барып жырлау керек. Мына жерде сондай болған құсайды:

Бәрін жазып қайтейін, түнгі сырдың?!.

Ең Әділ Құдіретке құлдық ұрдым.

Берешегім бар әлі келешекке,

Алашағы бар менен бұл ғұмырдың!

Шын ұқтым!

Берешегі мен алашағын ажырата алғаннан артық не бар?

Өлеңді ойын, ермек үшін жазуға болмайды. Өлеңмен өмір сүру керек. Әсілі өлең үш түрлі. Тірі өлең, ауру өлең, өлі өлең. Соңғы екеуі жүдә көп. Бықып жатыр. Әуелгісі қат. Дефицит. Мадиярқызының сол қаттардың қатарына кіруіне тілектеспіз!

Ақжол ҚАЛШАБЕК,

М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті,

филология ғылымдарының кандидаты,

«Мұхтартану» зерттеу орталығының

аға ғылыми қызметкері.

Салтанат Мадиярқызының өлеңдері:

* * *

Өзімді алдап, болмасқа сендіремін.

Барлығын сыйғызады кең жүрегім.

О, сосын аспаныңа телміремін

Нені ойлап елжіредім?.. мен кім едім?

Ұмыттым.

Толмаса да маңыз бен мағынаға,

Адамның бәрі өткенін сағына ма?

Бәрін де ойлап, тынысың тарыла ма?

Сенің дағы жүрегің ауыра ма,

Ұлық Түн?!

Үнсіздікте айтылар сөз қалмайды.

Сенесің бе, дегенге жазған қайғы?

Сәлем бермей сырғыған мезгілде де

Жан емдердей жұлдызың көзді арбайды,

Қылықтым!

Әркімге өз болмысы жарасады.

Сұрғылт түс ақпен қалай таласады?

Жатырқап жүр ме мені ауыл кеші,

Жарқырап кеткендей ме қала шамы,

Тұнып мұң?

Бәрін жазып қайтейін, түнгі сырдың.

Ең Әділ Құдыретке құлдық ұрдым.

Берешегім бар әлі келешекке,

Алашағы бар менен бұл ғұмырдың!

Шын ұқтым!

* * *

Мен ұша алмай, көп күмәнге көмілдім.

Ал, балалық армандарым көкте жүр.

Жылдар сырғып, жанарында Сенімнің

Үмітімді ұрлай алмай өтті Өмір.

Жылуын да берер отым сөнбеген,

Күлімдесем, мені сүйген Жарық Күн!

Мықты едім ғой, бәрін жеңіп келген ем,

Енді одан да жалықтым.

Бір үзіліс жариялап бәріне,

Кідірейін. Үңілейін Жаныма.

Мен өзімді іздеп жүрмін әлі де,

Уақыт таппай, Мағына.

Үмітімді ермек еткен сан жылдың

Естелігі – жалғыз ғана бір елес.

Миығынан күліп тұрған Тағдырдың,

Иығына жүгіңді арту – түк емес!

Мін тақпай да,

кінә артпай да ешкімге

Көтеремін, жүрегіме жүктей Мұң.

Өз жолыммен жүріп өтер бес күнде,

Құдайдың да аяғанын күтпеймін!

Ештеңе де сындыра алмас сағымды,

Қайғысын да күліп тұрып шегемін.

Жанның өрті күл қылмаса барымды,

Маған сөз бе, тәннің дерті дегенің?!

Әр түн сайын сәлемдесіп көмескі Ой,

Өзгере ме, көңіл жайлы ұғымым?

Бақ та мендік!

Сор да бөтен емес қой,

Армандардан аласармас ғұмырым.

«Өмір – күрес» деген елді аңғардым,

Жеңілістің өзі жоқ қой, мен үшін.

Әлі күрес алаңында Мен бармын,

Сабақ болған әр сынағым – Жеңісім!

СЕН КЕТКЕЛІ

Аз болғандай Сағыныш сенделткені,

өмір толы Көңілдің жендеттері…

дегенім жете ала ма, керегіме?

бұл Уақыт өте ала ма, емдеп мені?!

сыртым күліп,

зеңбірек, жанартаулар

бәрі атылды ішімде

Сен кеткелі…

жылдар бойы жылжымаған кезектей,

мұң жауғанда пайда болған өзектей,

көңіліне қараймын деп басқаның,

көңілімнің қалғанын да сөз етпей,

іштен тынып, өз ойыма қамалдым

шетте қалып, оқылмаған газеттей.

сайтанмен де «дос» болдым шөлмектегі.

ол да сырды тыңдамас жөндеп, тегі.

жүрегімде әлдилеп келген қанша

сезімімді жылатып жөргектегі,

өткенді де оралтқым келгенімен,

өзімді де жоғалттым

Сен кеткелі.

ШАХМАТ

Ала тақтада қара да болам, ақ болам.

Ақ пенен қара – ойлар ғой ыным таппаған.

Көк тұман мені адастырғысы келеді-ау,

Көп күмән – қара,

Мендік Ой – аппақ.

«Шах» саған.

Тақта да – көне,

ойын ба, ой ма ескірер?

Бақылап Ойды, сағаттар сырғып кеш кірер.

Бетпердесіндей, көп фигуралар ертеді,

Патша – Көңіліме

жақын келе алмай пешкілер.

Уәзірлердің жекпе-жегін де көрейін,

Қолбасы шықсын,

Мықтысы жықсын!

Не дейін?

Қара түске де, қара күшке де сенім жоқ.

Ақылмен алып, атыммен шауып келейін.

Жайратып келем, жау шебін бұзып, шегінбей.

Шегіну де бір, жеңілу де бір – жеңілдеу.

Төрт бұрыштарда жалғасып жатыр бір соғыс,

Ақ пенен қара айқасып жатқан Өмірдей.

Жау әскерінің сарбазым алып соңғысын,

Қос баһадүрімнің қалыпты, міне, жалғызы.

Квадраттардың ішіне қалай сиып жүр,

Кең дүниеге сия алмай жүрген болмысым?!

Ала тақтада қара болмай-ақ, ақ болдым.

Ақ болдым дағы, Ақ пейілдерге жақ болдым.

Патша – Көңілді тұрған тағынан жылжытпай,

Қара дүниенің барлығына да «МАТ» қойдым!

* * *

Қаланы да, даланы да аңсамай,

Кетіп қалар бір мекенім болса ғой!

Айға да емес,

Ойға да емес.

жай ғана

ол мекенде Нұрды құшса айнала.

Сұлулығын жанарыма жасырып,

Мезгілдерден бұрын жетсем асығып.

Көктен заңғар, таудан биік көңілмен

Бір жылылық есіп тұрса Өмірден.

Сенім туын тік көтерер құлатпай,

Ниет, шіркін, таза болса бұлақтай!

Орын таппай күншілдік пен қызғаныш,

Армандардан жасап алсақ, біз, ғарыш!

Ізделмесем, іздемесем ешкімді,

Қаламасам ғажап әуен естуді.

Тыныштыққа тығылмасам, көптен кеп

Жүрегіңнен сыр ұрласам, Көктем боп.

Болмысыңа нұрын құйып таңдар сан,

Қасымда ылғи Сен болсаң…

Қаланы да, даланы да аңсамай,

Кетпес пе едік, қиып кету болса оңай?!

* * *

Мен тағдырды тілдемедім, гүл дедім.

Сұлулықпен үйлеседі гүлге мұң.

Жек көре де, сүйе де алман өмірді.

Ал, Өмір ше?

Білмедім.

Күдіктерді тергемедім, жерледім,

Жүрегімнен оларға орын бермедім.

Жалыны өшкен жүректерге шоқ тастап,

Келді үмітпен тербегім.

Күнәсі көп күндердің де, түндердің.

Күлтесінде гүлдердің, мен, бірге өлдім.

Ренжіткендер кешірім сұрап үлгермей,

Мен кешіріп үлгердім.

Көтере алмай еңсем мұң, теңселдім.

Ақ арманын жарқылындай семсердің,

Ашып айтқан балақайға күлген бар.

Сол арманға мен сендім!

Жүрек үнін естимін. Еш күйдің

ырғағына ұқсамайды. Кеш түйдім.

Хақты бір деп танығанда өзгелер,

Мен Құдайды

Тек сүйдім!