Астанада болған ауыр жол апаты елдің еңсесін түсірген еді. Қоғамдық көлік жол бойындағы темір бағанға соғылып, салдарынан 15 адам жарақат алған. Бірақ олардың арасында ең қатты зардап шеккен – алдыңғы орындықта отырған 8 жастағы бүлдіршін. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, ақыры аяғын кесуге мәжбүр болды. Осы қайғылы жағдайдан кейін қоғамда үлкен резонанс туындады. Билік те үнсіз қалмады. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қыздың отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін ресми түрде мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.
– Сақтандыру қоры шамамен 20 млн теңге бөледі. Қала әкімдігі тарапынан 10 млн теңге берілді. Қосымша тағы 10 миллион теңге қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, біз бұл отбасының баспана мәселесін толықтай шешеміз. Бұл – әкімдік тарапынан берілген ресми уәде, – деді қала әкімі Ақордада өткен баспасөз жиынында.
Қазіргі таңда бүлдіршін ауыр халде ауруханада ем қабылдап жатыр. Оған психологтар мен дәрігерлер тарапынан кешенді қолдау көрсетілуде. Бұл оқиға – қоғамдық көлік қауіпсіздігіне, жүргізушілердің кәсіби біліктілігіне, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының салдарына билік тарапынан қаншалықты жауапкершілікпен қаралатынын көрсететін маңызды оқиғаға айналды.
Жақын арада зардап шеккен қыздың отбасына жаңа пәтердің кілті табысталуы мүмкін. Әкімдік бұл процесті ұзаққа созбаймыз деп уәде етті. Қоғам да бұл көмектің шын мәнінде нақты іспен жалғасарына үміт артып отыр.