Кейінгі кездері интернет кеңістігінде «micro-retirement» деген ерекше ұғым пайда болды. Қазақшаға аударсақ, «микрозейнет». Ешқандай ресми мәртебесі жоқ, бірақ идеясы TikTok пен Reddit-те мыңдаған адамды қызықтырып үлгерген бұл үрдіс зумерлердің (Z ұрпағының) өмірге деген жаңа көзқарасын аңғартады, деп жазады Ozgeris.info.
Микрозейнет дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтсақ, адам біраз уақыт жұмыс істеп, ақша жинайды да, кейін жұмыстан шығып, бірнеше ай немесе тіпті бір жылдай демалып, тек өзіне уақыт бөледі. Бұл ресми зейнетке шығу емес, жай ғана өмірден ләззат алу үшін жасалған «кішігірім үзіліс».
Жас буын бұл идеяны неге қолдайды? Біріншіден, олар ұзақ жылдар бойы бір кеңседе отырып, 60-тан асқанда ғана демалуды әділетсіз көреді. Екіншіден, қазіргі әлем тұрақсыз: инфляция, соғыс, экологиялық дағдарыс, экономикалық күйзеліс, пандемия – осының бәрі ертеңгі күнге деген сенімді азайтып жіберді. Жастар «Не үшін өмір бойы өз-өзіңді қинап, кейін ғана рахаттану керек?» деп қарсы сұрақ қояды.
Бірақ бұл идея утопия емес пе? Бір жағынан, иә. Өйткені көп жастардың тұрақты жинағы жоқ. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда халықтың 69%-ы жеке жинағы жоқ екенін мойындаған. Ал микрозейнетке шығу үшін кемі бірнеше айлық шығынды жабатын «қауіпсіздік жастығы» керек. Оның үстіне, еңбек нарығы да микрозейнетке оң көзбен қарай қоймайды. Жиі-жиі жұмыстан шығып, ұзақ үзілістер жасап отыру – резюмеде «бос орындар» қалдырады. Ал бұл жұмыс берушілерге ұнамайтыны анық.
Десе де, осыған қатысты жастардың пікірін сұрап көрдік. Көбі қолдап отыр. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, «Астана» телеарнасының тілшісі Аружан Задабек бір қарағанда, бұл дұрыс дейді.
– Бұл трендтің артында маңызды бір нәрсе жатыр – адамның психикалық және эмоционалдық саулығын бірінші орынға қою. Қазіргі жастар «жаным тыныш болмаса, табысымның да қажеті жоқ» деген қағиданы ұстанады. Мансап қуу емес, өмір сүру – басты құндылыққа айналып келеді. Кейбіреулер микрозейнетті тым өзімшіл өмір салты деп сынауы мүмкін. Бірақ егер адам күйзелістен шаршап, шаршауын сезсе – неге бір-екі ай үзіліс жасап, қайта күш жинамасқа? Әсіресе шығармашылықпен айналысатын адамдарға пайдалы тәсіл. Демалып келген соң, жаңа идеялармен жұмысқа қайта оралу әлдеқайда тиімді, – дейді ол.
Иә, микрозейнет – бәріне бірдей жарайтын шешім емес. Бірақ ол қоғамға жаңа сұрақтар қоя алады: біз не үшін жұмыс істейміз? Өміріміздің ең белсенді кезеңін неге тек кеңседе өткіземіз? Еңбек пен демалыстың ара салмағы қандай болу керек? Мүмкін, болашақта бұл идея жетілдіріліп, ресми форматқа да енер. Алайда бұған қазір орта буын өкілдерінде қарсылық бар. Мәселен, ағылшын тілінің мұғалімі Мұса Гүлмайра осы үрдіске сақтықпен қарау керек дейді.
– Жастар арасында тарап жатқан «микрозейнет» трендін байқап отырып, бір жағынан түсінуге болады, екінші жағынан бұл құбылыс көп сұрақ туғызады. Орта жастағы адам ретінде мен бұл ұғымға романтикадан гөрі реализммен қарауға тырысамын. Біз еңбек нарығына басқа кезеңде келдік. Жұмыс тек табыс көзі ғана емес, адамның әлеуметтік мәртебесі, тәжірибе жинайтын, өзін қалыптастыратын алаң болды. Көп жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп, бір мамандықты игеру – қалыпты жол саналатын. Ал қазір жастар бұл қағиданы қайта қарап жатыр. Шын мәнінде еңбек пен жауапкершіліктен қашудың әдемі атауы. Бірнеше ай жұмыс істеп, кейін демалуға кету идеясы қызық көрінгенімен, ол тұрақты табысы, жинағы бар аз ғана адамға қолжетімді. Көпшілік үшін бұл — әлеуметтік желідегі иллюзия. Шынайы өмірде еңбек өтілі, тәжірибе мен қаржылық тұрақтылықсыз тұрақты демалыс болмайды. Еркіндік — жауапкершілікті кейінге ысыру емес, оны саналы түрде басқару, – дейді мұғалім.
Микрозейнет — заман талабынан туған жаңа өмір салты. Ол бүгінгі жастардың өмірге, еңбекке, еркіндікке деген көзқарасының өзгергенін аңғартады. Бұл тренд адамның өзін күтіп әбігерге салмай, бүгінгі күнмен өмір сүруге деген талпынысын білдіреді. Алайда ол баршаға қолжетімді емес.
Сарапшылардың айтуынша, микрозейнеттің сәтті жүзеге асуы үшін адамның кемінде 6-12 айлық шығынды жаба алатын қаржылық жастық қоры болуы керек. Зерттеулер көрсеткендей, АҚШ-та демалыс пен жұмысты кезектестіру тәжірибесі кейінгі жылдары Gen Z арасында екі есеге артқан.
Дегенмен, мұндай өмір салты еңбек өтіліне, болашақ зейнетақыға және жұмыс берушілердің сеніміне әсер етуі мүмкін. Сондықтан микрозейнет саналы түрде жоспарланған кезде ғана тиімді.