💰 Экономика

Рубль қашан қайтадан 5 теңге болады – экономист ащы шындықты айтты

Кезінде бір рубльдің бағасы 5 теңгеден аспайтын. Қазір бұл көрсеткіш 6 теңгеден төмен түспейді. Көпшілік «қашан бұрынғыдай болады?» деп жиі сұрайды. Бірақ экономистердің айтуынша, енді бұл паритетке оралу – екіталай. Себебі теңге мен рубльдің айырбастау бағамы тек нарықпен емес, елдердің экономикалық саясаты мен геосаяси жағдайымен тығыз байланысты, деп жазады Ozgeris.info.

Ресей рубльді неге күшейтіп отыр? Экономист Бекнұр Қисықовтың айтуынша, Ресейдің қазіргі қаржы саясаты рубльді әдейі күшті ұстауға бағытталған. Мұның бірнеше себебі бар:

– Ресей Орталық банкі қатаң ақша-несие саясатын ұстанып отыр. Нарықтық пайыздық мөлшерлеме бізге қарағанда жоғары. Сондықтан ресейлік банктердегі депозиттер халыққа тиімдірек көрінеді. Бұл – рубльге деген сұранысты арттырады, – дейді сарапшы.

Оған қоса Ресей үкіметі экспорттық түсімнің елге қайтып келуін талап етіп, валюта ағынын қатаң реттеп отыр. Бұл да рубльдің шарықтауына әсер етуде. Қазақстан теңгені неге еркін ұстап отыр? Бізде теңге бағамы негізінен нарықтық жолмен қалыптасады. Ұлттық Банк валютаға қатты араласпайды, тек қажет болған жағдайда интервенция жасайды.

– Қазақстан еркін айырбастау бағамы режимін ұстанады. Бұл дегеніміз – теңгенің бағамы ішкі-сыртқы сұраныс пен ұсынысқа қарай өзгереді. Ал Ресейде валюта нарығы жартылай бақылауда. Сондықтан бұл екі елдің валюталық саясатын салыстыру қиын, – дейді қаржы сарапшысы Арман Дәулет.

5:1 паритетке қайта оралу мүмкін бе? Қисықовтың пікірінше, енді бұрынғы 5:1 қатынасы қайтып келмейді. Бұған тек бір ғана нәрсе себеп болуы мүмкін – Ресейде ауқымды экономикалық дағдарыс орын алса.

– Қазіргі 6,3:1 паритет сақталады деп ойлаймын. Тек мұнай бағасы күрт құлдыраса немесе Ресейге қарсы жаңа ауыр санкциялар енгізілсе ғана, рубль әлсіреуі мүмкін. Бірақ ондай жағдайдың жақын арада болу ықтималдығы төмен, – дейді сарапшы.

Рубль қымбаттаса, бұл бізге қалай әсер етеді? Көптеген қазақстандықтар Ресейден көлік, техника, кейде азық-түлік сатып алады. Ал рубльдің күшеюі осы тауарлардың біз үшін қымбаттауына әкеледі.

– Импорттық баға өссе, ішкі нарықтағы тауарлар да қымбаттауы мүмкін. Әсіресе, шекара маңындағы облыстар зардап шегеді. Сондықтан бұл тек валюта мәселесі емес, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне де қатысты, – дейді экономист Қуаныш Жұмабаев.

🔎 Дерек: 2023 жылы Ресейде базалық мөлшерлеме – 16%, ал Қазақстанда – 14.5% болды. Рубльдің беріктігі осы айырмашылықтың да салдары.

Барлық жаңалық