«Жеңілістерді ауыр қабылдамаймын»: Черчесов Ұлттық құрама туралы пікір білдірді

Фото: ҚФФ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов команданың ойынын сынайтындарға қатысты жауап берді. Бұл туралы ozgeris.info тілшісі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Станислав Черчесовтің айтуынша, бапкердің басты міндеті – эмоцияға берілмей, жағдайды шынайы бағалап, болашаққа нақты жоспар құру.

«Жеке өзім жеңілістерді ауыр қабылдамаймын. Бапкерге күйзеліске түсуге болмайды. Егер бапкер уайымдай бастаса, ол жанкүйерге айналады. Ал жанкүйерлердің уайымдауға құқығы бар. Жағдайды шынайы бағалау қажет, бос қиялға берілмей, шындыққа бет бұруымыз керек. Мен келмей тұрып, құрама бес матчта жеңіліс тапты. Ол матчтар Норвегиямен емес, Люксембург, Әзербайжан және Армения құрамаларымен болған. Біз осындай бәсекелестікке толы турнирде ойнап жатырмыз және алда әлем чемпионатының іріктеу кезеңі күтіп тұр. Мұндай жағдайда бапкерде нақты мақсат болуы керек: бір гол артық соғып, бір ұпай артық жинап, соңғы орында қалу маңызды ма, әлде өзгерістер жасап, болашаққа дайындалу керек пе?», — деді бас бапкер.

Станислав Черчесовтің пікірінше, сынға сабырмен қарап, одан пайдалы сабақ алу бапкердің басты міндеті болып саналады.

«Мысалы, соңғы матчта Шацкий емес, Покатилов ойнады. Қазір Игорь Щацкий бірінші лигаға ауысты, алдағы уақытта оның ойынын бақылауда ұстаймыз. Ол соңғы жылдары ұлттық құраманың негізгі қақпашысы болды. Енді біз «қақпада кім тұрады?» деп алаңдамаймыз. Покатилов соңғы бірнеше жылда ұлттық құрамада ойнаған жоқ, енді ол ойын көрсетті, біз оның не істей алатынын білдік. Оның үстіне, өзі де сезінді, халық та көрді, команда да түсінді. Бұл оның алдағы уақытта міндетті түрде ойнайтынын білдірмейді. Біз бүгін ешкімге кепілдік бере алмаймыз. Әсіресе ол қазір клубсыз жүр. Тағы бір мысал – Әділбек Жұмаханов пен Ғалымжан Кенжебек алаңға шықты. Исламбек Қуат пен Абзал Бейсембеков «Астанадан» кетіп жатыр, қайда баратыны белгісіз. Ал бізге Уэльспен ойнағанда бәрін басынан бастамай, дайын болуымыз керек. Егер бапкер тек өзін ойлап, сын естімеу үшін әрекет етсе, бұл дұрыс болмайды. Айтпақшы, сынайтындар әрқашан табылады. Мәселен, 2:0 есебімен жеңсеңіз де, «неге үшінші голды соқпадыңдар?» деп айтатын жандар да табылады. Бұл – қалыпты жағдай. Мен оны жақсы түсінемін және оған сабырмен қараймын. Тек сын шынайы әрі кәсіби болуы керек. Жай ғана біреудің өзін көрсету үшін сынауы дұрыс емес. Кез келген сыннан пайдалы нәрсе алу – менің міндетім. «Мені сынады, демек ол жаман адам» деп өкпелейтін уақыт жоқ», — деді бас бапкер.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов командадағы өтпелі кезең туралы пікір білдірді

«Тағы да қайталаймын, ешкім жеңілгісі келмейді. Өзіме сенсем, көптеген атақтарға қол жеткізгенім жеңісті қалайтынымды көрсетеді. Бірақ жағдайға шынайы көзқараспен қарау керек. Менің міндетім – оларға бағыт көрсету, дайындау және әрекет ету. Ұлттық құрама белгілі бір кезеңнен өтті, мұны бұрын да айтқанмын. Өткенді ұмыту мүмкін емес, бірақ бүгін мен ертеңді де естен шығармау керек. Өткенге мақтанышпен қарап, құрметтеу маңызды. Алайда барлық жерде буын ауысу кезеңі болады. Мен осындай өтпелі кезеңге тап болдым. «Өзгерістер дәуірінде өмір сүрмеуді тілеймін», — деген сөз бар. Міне, мен Қазақстан футбол құрамасының өзгерістер дәуірінде жұмыс істеп жатырмын. Өзімнің жұмысымды істеймін, ал сырттағы шуға жай ғана күліп қараймын», — деді Станислав Черчесов.

Айта кетейік, Станислав Черчесовтің жетекшілігімен Қазақстан ұлттық құрамасы биыл әлем чемпионатына іріктеу турнирінде бақ сынайды. Іріктеу кезеңінің матчтары биыл наурызда басталып, қарашаға дейін жалғасады. Әр топта жеңімпаз атанған құрамалар әлем чемпионатына тікелей өтеді. Сондай-ақ екінші орын иегерлері тағы 4 жолдама сарапқа салынатын плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді.