Қазақстан Франциядан қаржылай көмек алады: Президент заңға қол қойды

Фото: gov.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы ҚР Үкіметі мен Франция Үкіметі арасындағы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды.

Келісім екі ел арасындағы экономикалық және әлеуметтік жобаларды қаржылай қолдау саласындағы өзара іс-қимылға бағытталған.

Француз даму агенттігі дамушы елдерге көмек көрсетіп, 15 жылға дейін өтеу мерзімімен несие береді. ФАР негізінен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады, бірақ жақында су саласында қолдау көрсете бастады.

Мысалы, бір ай бұрын француз агенттігі Балқаш көлін құтқарып, 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айының басында Тоқаев Сауд Арабиясындағы су саммитінде (One Water Summit) болған болатын. Сол жерде келісімге қол қойылды.