1 қазаннан бастап Қазақстанда пойыз билеттері қымбаттайды. Бұдан бөлек, ұялы байланыстың кейбір тарифтері бойынша баға көтеріледі. Ал коллекторлар қарызға батқан адамдармен басқаша жұмыс істейтін болады. Sputnik Қазақстан осы айдан бастап елде болатын маңызды өзгерістерді ұсынады.
Салық төлеуді ұмытпаңыз!
Бүгін – мүлік салығын төлеудің соңғы күні. Оны 2023 жылға есептеп қойды. Заң бойынша жеке тұлғалар бүгіннен қалдырмай, тұрғын-үй, саяжай, гараж, жер телімі, тұрақ орны және тағы басқа мүліктің салығын төлеуге міндетті. Мүлік салығы төленбеген жағдайда 1 қазаннан кейін әрбір күнге өсімпұл есептеледі. Оны айыппұлмен бірге төлеуге тура келеді. Салық кодексінің 526-бабына сәйкес, кейбір адамдар салық төлеуден босатылады. Олардың ішінде ардагерлер, мүгедектер мен көпбалалы аналар бар.
Пойыз билеттері қымбаттайды
1 қазаннан бастап 140 бағдардың ішінде 62 пойызда билет бағасы 20 процентке көтеріледі. «Қазақстан темір жолы» компаниясы осы ақшаны жаңа вагондарды сатып алуға және қызмет сапасын көтеруге жұмсаймыз дейді.
Сондай-ақ, қызметкердің жалақысын өсіру жоспарланып отыр.
«Астана — Алматы» бағытындағы «Тальго» — 19 493 теңге (бұған дейін 16 440 теңге);
«Атырау — Мангистау» – 9 343 теңге (бұрын 7984 теңге);
«Алматы — Казань» — 11 806 теңге (бұған дейін 10 036 теңге);
Beeline тарифтері өседі
Бүгін Beeline «Үйдегі Интернеттің» бірнеше мұрағаттық тарифтерін жауып тастады. Толық тізімін мына жерден көруге болады. Осыған байланысты абоненттерде 30 қыркүйекке дейін басқа тарифке ауысуға мүмкіндік болған. Үш айға 50% жеңілдік те қарастырылған.
Ал тарифті өздігімен ауыстырмағандар 1 қазаннан кейін ұқсас қызмет пакеттері бар тарифке автоматты түрде қосылатын болады. Бұдан бөлек, 17 қазанда кейбір ұялы байланыс операторларында абоненттік төлемнің мөлшері өзгереді.
Коллекторлардың жұмысы өзгереді
1 қазаннан бастап коллекторларға қатысты жаңа талап күшіне еніп отыр. Бұдан былай олар алдымен қарызға батқан азаматтармен берешекті реттеуге міндетті. Ол үшін борышкерлерді өтініш жазуға болатынын хабардар етуі тиіс.
Нақты мерзімі де бар.
1 қазанға дейін сатып алынған қарыздар бойынша 20 күннің ішінде;
1 қазаннан кейін сатып алынған қарыздар бойынша 30 күннің ішінде;
Әрбір борышкер өтініште қарызды қайтару шарттарын өзгертуге қатысты өз ұсынысын жасай алады. Бірақ нақты себептер көрсетілуі керек, қажетті құжатта мен мәліметтер де болуы қажет.
Өтініште көрсетілетін мәселелер:
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу;
берешекті өтеу кезектілігін өзгерту;
банктік қарыз немесе микрокредит мерзімін өзгерту;
айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) азайту немесе толық күшін жою жағына қарай өзгерту;
банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді өзгерту немесе толық күшін жою;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша берешекті толық не ішінара кешіру;
кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті тараптардың келісімінде белгіленген мерзімдерде дербес сатуы;
кепілге салынған мүлікті коллекторлық агенттікке беру жолымен міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін беру;
міндеттемені сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.
Коллекторлар борышкердің арызын 15 күннің ішінде қарап, ұсынысын қабылдайтынын, я болмаса, қабылдамайтынын айтады. Қарызды қайтаруға қатысты өз ұсынысын да жасай алады.
Жедел жәрдемге қатысты бұйрық
8 қазанда денсаулық сақтау министрлігінің жедел жәрдемге қатысты бұйрықтың жобасын талқылау мерзімі аяқталады. Бас кезінде осы құжат бойынша кейбір науқастар тек жұмыс уақытында, ал демалыста сенбі күні ғана жедел жәрдем шақыра алады деген ақпарат тарады.
Артынша министрлік оны жоққа шығарып, ештеңе өзгермейтінін мәлімдеді. Бұйрықта жедел жәрдемді шақыратын адамдарды жағдайына қарай төрт санатқа бөлінген.
Олар:
1-ші санаттағы шақыру: шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін, өмірге тікелей қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
2-ші санаттағы шақыру: медициналық көмек көрсетусіз өмірге ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
3-ші санаттағы шақыру: медициналық көмек көрсетусіз денсаулыққа ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі;
4-ші санаттағы шақыру: пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде, ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылуынсыз, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың шиеленісуінен туындаған пациенттің жай-күйі;
Ал талдау нәтижелері шақыртулардың 50%-дан астамы шұғылдықтың төртінші санатына жататынын көрсетті.
Астанадан тікелей Лондонға ұшуға болады
4 қазаннан бастап Air Astana «Алматы-Лондон» бағытында тікелей әуе рейстерін қайта іске қосады. Бұған дейін компания ұшақтардың техникалық тұрғыда жаңартылғанын хабарлады. Сол кезде қосымша отын бактары орнатылды. Осының арқасында жолаушылар ұшақтары еш жерде тоқтамай, Лондоға дейін ұша алады. Рейстің уақыты да екі сағатқа қысқарады. Қазіргі кезде Лондонға дейінгі эконом-класс билеттері 362,5 мың теңге тұрады. Ал бизнес-класс 2 млн. 100 мың теңгеге дейін барады.
Әуежай тәулік бойы істейді
Астананың халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары уақытынан бұрын аяқталды. Сол себепті 5 қазаннан бастап әуежай қайтадан тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Айта кетері, жөндеу жұмыстары кезінде түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін аэродром рейстерді қабылдаған жоқ.
АЭС туралы маңызды шешім қабылданады
6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты республикалық референдум өтеді. АЭС саламыз ба, жоқ па, халық осы мәселенің шешімін өзі таңдайды. Бүгінде барлық дауыс беру учаскесі дайын, оған бюллетеньдер бір-екі күн бұрын жеткізіледі.
Республикалық референдумға бір ғана мәселе шығарылады. Бюллетеньде «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұрақ болады. Оған «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру керек. Ал АЭС салатын компаниялар көрсетілмейді. Себебі атом электр станциясы салына ма, жоқ па, әзірше белгісіз. Оны халықтың таңдауы, яғни, алдағы референдум көрсетеді.
Sputnik Қазақстан алдағы референдумға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын әзірлеген болатын.
Күнтізбеге жаңа мейрамдар енгізілді
Биылдан бастап қазақстандықтар бірден үш жаңа мерекені атап өтеді.
Олар:
1 қазан – Жоғары білім қызметкерлерінің күні;
1 қазан – Радио күні;
14 қазан – стандарттау саласының қызметкерлері күні;
ПІКІР ЖАЗУ