«Айлықсыз жұмыс істеп жатырсыз»: Сатушы Қоянбаевқа қарбызды тегін берген

Қазақстандық танымал әзілкеш әрі кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев желіде жаңа видео жариялап, оқырмандарын күлдірді. Өнер иесі қарбызды өзіне тегін берген әйелдің әрекетіне қатты таңданып қалады, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Нұрлан Қоянбаев елдің қызу талқысын тудырған бейнежазбаны Instagram-дағы парақшасында жариялаған. Онда актердің қарбыз сатып алайын деп жатқанын көруге болады. Алайда бағасын сұрағанда келіншек оған тегін беретінін айтқан. Өнер иесі қатты таңғалып, әйелден не себепті тегін беріп жатқанын сұрайды.

«Сізге тегін. Сіз айлықсыз жұмыс істеп жатырсыз ғой. Сондықтан ала беріңіз», — деді сатушы.

Желі қолданушылары бұл видеоны бірден қызу талқылап, кейбірі тоқтамай күлгенін жазды.

«Сіз айлық ала саласыз-ау. Әйтпесе көшеде қайыршы қылып жібереді», «Осындай қарапайымдылыққа не жетсін?», «Жарайсың Нұрлан, еліме қызмет жасаймын деген ниетіңнен», «Елдің бәрі айлық алмайтыныңызды біліп алыпты», «Өте күлкілі видео», «Қатта күлдік. Тоқтай алмай жатырмыз», «Мына әзіл бізге өтті», — деп жазуда көпшілік. 

Естеріңізге сала кетейік, продюсер, тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев 1 шілдеде Түркістан облысы әкімінің креативті индустрияны дамыту бағыты бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған еді. Әртістің мұндай қызметке тағайындалғанына қарсы болғандар да табылды. Алайда Қоянбаев өзінің айлықсыз жұмыс істеп жүргенін айтып, жазба жариялады.