Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ҰҚК құрамына қосылуына байланысты алғаш рет пікір білдірді, деп жазады Ozgeris.info.
Ол бұл өзгеріс жемқорлықпен күресті мүлдем жаңа деңгейге көтереді деп отыр.
«Қазір біз Жарлықтан туындайтын қадамдық іс-шаралар алгоритмін жасап жатырмыз, соның ішінде тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр. Үкіметпен және Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, бұрынғы ведомствоның функцияларын және өкілеттіктерін беру мәселелері қарастырылған. Бұның бәрі күрделі және көпсатылы үдеріс. Дегенмен жаңа қызметтің жұмысы бір сәтке де тоқтаған жоқ», деді Ермек Сағымбаев ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында.
ҰҚК төрағасының айтуынша, агенттіктің комитет құрамына өтуі құрылымдық тұрғыда үлкен өзгеріс болып отыр. Бұл өзгеріс жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы аналитикалық, жедел және техникалық мүмкіндіктерді күшейтеді.
«Комитеттің аналитикалық, жедел және техникалық мүмкіндіктерін антикоррупциялық құралдармен біріктіру комитетке ауқымды әрі жүйелі заңбұзушылықтарды анықтауға көбірек жағдай жасайды. Қылмыстың түпкі себептерін де жоюға жол ашады», деді ол.
Сондай-ақ Сағымбаев заң мен тәртіпті нығайту – әділетті мемлекеттің негізгі шарты екенін атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күресу өте қажетті іс болып тұр. Заң мен тәртіпті нығайту міндеті орындалмайынша, әділетті мемлекет құру мүмкін емес», деді ҰҚК басшысы.
Еске сала кетейік, маусымның соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ресми түрде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосылған болатын. Осы құрылым шеңберінде жаңадан құрылған қызметтің басшысы болып Нұржан Маратұлы тағайындалды.