Жаңалықтар

Үкімет 30 жылдық жоспарды бекітпек: Жетіген мен өзге де ауылдардың инфрақұрылымы жаңартылады

Үкімет 30 жылдық жоспарды бекітпек: Жетіген мен өзге де ауылдардың инфрақұрылымы жаңартылады

Алатау қаласында құны 2 триллион теңгені құрайтын елу үш ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Жаңа шаһарда елу бір мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы кеңесінің отырысында белгілі болды. Жобалар қатарында құны 1 миллиард доллардан асатын "Iconic Complex" кешені бар. Қалада "PepsiCo", "Mars", "Hyundai Green Food" өндіріс орындары мен "Khan Tengri Biopharma" биофармацевтикалық зауыты ашылады. "KAIST" университетінің кампусы салынады. Сонымен қатар "AutoFlight" және "Joby" компанияларымен бірлесіп әуе мобильділігін дамыту ісі қолға алынады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ауқымды жоспарларды жүзеге асыру үшін Үкімет жаңа басқару жүйесін бекітті. "Alatau City Authority" мемлекеттік қоры шаһардың дамуына жауапты арнайы мемлекеттік органға айналды. Ұйымның құқықтық мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын ереже қабылданды. Шаһарды тиімді басқару үшін екі жаңа құрылым пайда болды. Жедел шешім қабылдауды талап ететін мәселелерді жаңадан құрылған Оперативтік комитет қарайды. Нормативтік құқықтық актілерді бекітіп, озық халықаралық тәжірибелерді енгізу міндеті Реттеуші комиссияға жүктелді. Өтпелі кезеңдегі мәселелерді реттеу мақсатында қала әкімдігі жанынан жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құрылды. Ол бас жоспар бекітілгенше басымдыққа ие инвестициялық жобаларды сүйемелдейді.

Алатауды дамыту жұмыстары бірнеше бағытты қамтиды. "K-Smart City" жобасы шеңберінде Оңтүстік Корея тәжірибесімен 330 гектар аумақта смарт-технологиялар орнатылған пилоттық аудан бой көтереді. "Alatau AI-Driven City" тұжырымдамасы қала тіршілігін нақты уақыт режимінде басқаруды көздейді. Бұл іске жасанды интеллект, ауқымды деректер және цифрлық егіз технологиясы енгізіледі. Ал "Alatau Crypto City" жобасы токенизация мен "Web3" экожүйесін құруға бағытталған. Осы жылдың соңына дейін алғашқы токенизация бастамаларын іске қосып, виртуалды және нақты экономиканың бірыңғай кеңістігін қалыптастыру жоспарланған.

Қазіргі таңда Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағын аудандарында инженерлік-көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. "Alatau City Authority" ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров биылғы жылдың соңына дейін шаһардың 2055 жылға дейінгі даму жоспары толық дайын болатынын жеткізді. Оған қоса 2040 жылға дейінгі бас жоспар мен даму стратегиясы бекітіледі. Құжаттарды әзірлеуге "ARUP" және "BCG" халықаралық консалтингтік компаниялары қатысады. Бүгінде қалада нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру, инвестиция тарту және заманауи басқару жүйесін құру жұмыстары жалғасуда.

Премьер-министр жиын барысында бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның маңызына тоқталды. Негізгі заң президенттік реформаларды жалғастырып, экономиканы жаңғыртуға берік негіз қалайды. Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң да іске қосылды. "Alatau City" жобасы инвестиция тартып, басқарудың жаңа үлгісін құратын басты қозғалтқыш күшке айналуы тиіс. Олжас Бектенов қала кеңесінің басты міндеті осы арнайы режимді уақтылы әрі сапалы іске асыру екенін қадап айтты. Үкімет басшысы жауапты органдарға даму бағытындағы жұмыстарды барынша тездетуді тапсырды.

Барлық жаңалық