Белгілі актер Азамат Сатыбалды әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулығына байланысты шұғыл ота жасатқанын мәлімдеді. Сол себепті ол "Сұлтан Бейбарыс" спектакліне қатыса алмағанын айтып, көрермендерден кешірім сұрады, деп хабарлайды ozgeris.info.
Өнер иесінің айтуынша, 19-ы күні "Зулейха" спектаклін ойнап, үйіне барғаннан кейін түнде жағдайы күрт нашарлаған.
"Түнде 12-де басталды бір дүлей сырқат. Жанымды қоярға жер таппадым. Ішпеген дәрім жоқ. Таңғы төртке дейін алыстым. Болмады", – деп жазды актер.
Оның сөзінше, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Дәрігерлер тексерістен кейін бірден ота жасау қажет екенін айтқан.
"Әртіспісің дегендей, дәрігерге спектаклім бар еді, ертең жасасаңыз болмай ма дедім. Ол болса, қандай спектакль, тез арада ота жасау керек деді", – деді Азамат Сатыбалды.
Актер ота сәтті өткенін, қазіргі жағдайы жақсы екенін жеткізіп, медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.
Сонымен қатар ол қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатыса алмағанына өкініш білдірді.
"Мұхтар ағамен қоштаса алмадым. Жақсы көретін ақыным. Нар тұлғалы қоғам қайраткері еді", – деп жазды ол.