АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қақтығысты реттеуге қатысты америкалық бейбіт жоспарға берген жауабын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
BAQ.KZ мәліметінше, АҚШ келіссөздерді қайта жандандыру үмітімен бірнеше күн бұрын өз ұсынысын жолдаған еді. Жексенбі күні Иран оған жауап жариялап, барлық бағыттағы соғысты тоқтатуға шақырды. Әсіресе АҚШ-тың одақтасы Израиль Иран қолдайтын «Хезболла» ұйымымен соғысып жатқан Ливандағы жағдайға назар аударылған.
Тегеран теңіз блокадасын тоқтатуды, санкцияларды алып тастауды, Иран мұнайын экспорттауға қойылған тыйымды жоюды және жаңа шабуылдардың болмайтынына кепілдік беруді талап етті. Сонымен қатар Иран соғыс салдарынан келген шығынның өтелуін сұрап, Ормуз бұғазын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Дональд Трамп Truth Social желісінде:
Маған бұл ұнамайды – МҮЛДЕ ҚАБЫЛДАУҒА КЕЛМЕЙДІ, – деп жазды.
Осыдан кейін мұнай бағасы бір баррель үшін 4 доллардан астам қымбаттады. Инвесторлар Ормуз бұғазындағы жағдайға алаңдап отыр. Бұған дейін әлемдегі мұнай мен сұйытылған газ жеткізілімінің шамамен 20 пайызы осы бағыт арқылы тасымалданатын.
Phillip Nova компаниясының сарапшысы Приянка Сачдева мұнай нарығы Вашингтон мен Тегеран арасындағы әрбір мәлімдемеге қатты тәуелді болып отырғанын айтты.
Reuters мәліметінше, өткен аптада Ормуз бұғазы арқылы тек үш мұнай танкері өткен. Шабуыл қаупіне байланысты кемелер трекерлерін өшіріп отырған.