Абай облысында кәмелетке толмаған жасөспірімге ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы ozgeris.info сайты хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында жасөспірім Telegram мессенджерінде Skinheads industries-Semey атты чат ашқан. Ол өзін әкімші ретінде таныстырып, топта түрлі мәтіндік және аудио хабарламалар жариялаған.
Хабарламаларда ұлттық белгісі бойынша адамдарды қорлайтын сөздер, әсіресе Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетіне қатысты кемсітетін пікірлер болған.
Сонымен қатар жасөспірім чат қатысушыларын өз көзқарасын қолдауға шақырып, басқа адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да, топқа тартуға тырысқан. Оның мақсаты – Семей қаласында экстремистік идеяларды тарату болған.
Прокурор соттан жасөспірімге 1 жыл 4 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.
Сот кәмелетке толмағанын, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын және кінәсін мойындағанын ескере отырып, 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Сот өкілдері ұлтаралық араздықты қоздыру, адамдарды ұлттық белгісі бойынша кемсіту және экстремистік идеяларды тарату интернетте жасалса да қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.