Батыс Қазақстан облысында ерекше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Самара – Шымкент тас жолында шабдалы тиеген жүк көлігі аударылып, ондаған тонна жеміс жол бойына шашылып қалды. Бұл туралы ozgeris.info сайты «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Оқиғадан кейін жүргізуші жолға төгілген шабдалыларды жергілікті тұрғындарға жинап алуға рұқсат берген. Алайда көп ұзамай жеміс үшін талас басталып, адамдар арасында жанжал туындаған.
Жергілікті тұрғын Равхат Халеловтің айтуынша, жағдайды сабырмен шешуге мүмкіндік болған.
«Жүргізушінің өзі төгілген жемістерді адамдарға жинап алуды ұсынды. Сол үшін де қарапайымдылық танытып, жемісті жанжалсыз және төбелеспей алып кетуге болар еді. Бірақ оның орнына адамдар бір-бірін итеріп, жеміске таласты. Мен оларға "кем дегенде мың теңге төлеңдер!" деп айттым», – дейді ол.