💰 Экономика

Тауар атауы бір ізге түседі. Нарықта не өзгереді?

Келер жылдан бастап Қазақстанда кез келген тауардың өзіне тән ортақ дерекқоры болады. Бұл жай ғана жаңа база емес. Бұл тауарды қалай атаймыз, қалай есептейміз, қалай бақылаймыз деген көп жылдан бері шешілмей келген түйінді реттейтін жүйе. Тауарлардың ұлттық каталогы қарапайым адамға да, кәсіпкерге де, мемлекетке де ортақ тәртіп орнатуды көздейді, деп жазады Ozgeris.info.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қаржы вице министрі Әсет Тұрысов пен Сауда және интеграция вице министрі Әсет Нүсіпов жаңа жүйенің мәнін жан жақты түсіндірді. Олардың айтуынша, Тауарлардың ұлттық каталогы елімізде тауар туралы ақпараттың бір ғана сенімді көзіне айналуы тиіс. Қазір бір өнім әр салада әртүрлі аталып, әртүрлі сипатталып жүр. Соның кесірінен есеп те, бақылау да, талдау да қиындаған.

Бүгінде тауарға қатысты деректер бірнеше жерде бөлек бөлек сақталады. Мемлекеттік сатып алуда бір атау қолданылады, кеденде екінші атау жүреді, электронды шот фактурада үшінші нұсқа көрсетіледі. Таңбалау, статистика, чек беру жүйелерінің де өз талаптары бар. Бір қарағанда ұсақ сияқты көрінгенімен, осындай бытыраңқылық үлкен жүйелік мәселеге айналған.

«Қазір елімізде тауарға қатысты анықтамалық өте көп. Бір тауар әр жүйеде әртүрлі аталады. Бұл ақпараттың қайталануына, сәйкессіздікке және бақылаудың күрделенуіне әкеліп отыр. Осы мәселені шешу үшін Тауарлардың ұлттық каталогын құруды бастадық. Бұл каталог тауарды GTIN және NTIN бірегей кодтары арқылы нақты сәйкестендіреді. Ол көтерме және бөлшек саудада, кедендік декларацияларда, чектерде, электронды сауда алаңдарында, бюджетті жоспарлау мен атқару жүйелерінде ортақ дерек көзіне айналады», деді Қаржы вице министрі Әсет Тұрысов.

Маңызды тұсы сол, бұл жүйе тауар бағасына еш әсер етпейді. Себебі тауар картасын тіркеу де, NTIN кодын алу да тегін. Егер өнімде мұндай код болмаса, оған автоматты түрде уақытша XTIN коды беріледі. Сауда тоқтамайды, кәсіпкер жұмысы тұралап қалмайды. Уақытша кодты бір ай ішінде тұрақты кодқа ауыстыру жеткілікті.

Тауарлардың ұлттық каталогы толықтай Қазақстанның мемлекеттік серверлерінде орналасады. Мәліметтер мемлекеттік тілде қалыптастырылады. Бұл деректердің сыртқа кетпеуіне, жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне және ішкі нарық талаптарына толық сай болуына мүмкіндік береді. Яғни, бұл тек цифрландыру ғана емес, технологиялық дербестік мәселесі де.

Әрбір тауардың жеке картасы болады. Ол картада өнімнің атауы, құрамы, сипаттамасы, өндірушісі, суреті және бірегей коды көрсетіледі. Бұл карта барлық ақпараттық жүйеде бірдей қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, әр өнімнің өз цифрлы төлқұжаты қалыптасады.

«Қарапайым мысал келтірейін. Бір жүйеде өнім сүт деп жазылған, екіншісінде айран, үшіншісінде ашытылған сүт өнімі деп көрсетілген. Атауы бөлек болғанымен, шын мәнінде бұл бір ғана өнім. Осындай жіктеудегі бытыраңқылық қателікке, ақпараттың қайталануына, процестердің баяу жүруіне алып келді. Тауарлардың ұлттық каталогы осының бәрін жояды. Біз атауы, құрамы, өндірушісі және бірегей National Trade Item Number бар тауардың бір ғана цифрлы төлқұжатын жасап отырмыз», деді Сауда және интеграция вице министрі Әсет Нүсіпов.

Бұл жүйенің пайдасы тек мемлекетке ғана емес. Мемлекеттік сатып алу саласында бір өнімді әртүрлі атаумен сатып алу мәселесі азаяды. Саудада қойма есебі жеңілдейді. Бухгалтерияда қателік азаяды. Маркетплейстерде тауар сипаттамасы нақты әрі біркелкі болады. Нарықтағы барлық қатысушы бірдей әрі өзекті мәліметке сүйенеді.

Көпшілік Ұлттық каталогты цифрлы таңбалаумен шатастырып жатады. Алайда бұл екеуі бір нәрсе емес. Қазақстанда тауарларды жіктеудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасып келеді. Бірінші деңгей ТЖҚЖЖ деп аталады. Ол жалпы статистика мен бюджетті жоспарлау үшін қолданылады. Екінші деңгей Тауарлардың ұлттық каталогы. Бұл негізгі әрі әмбебап деңгей. Мұнда тауар атауы өндірушімен бірге бекітіледі. Үшінші деңгей цифрлы таңбалау. Ол әрбір тауар данасы мен партиясын қадағалау үшін қолданылады және тек белгілі бір тауар топтарына қатысты.

Цифрлы таңбалау көбіне контрафактіге қарсы күреске, жарамдылық мерзімін бақылауға, салық тәртібін реттеуге бағытталған. Ал Ұлттық каталог бүкіл нарыққа ортақ тәртіп орнатуды көздейді.

Қорытқанда, Тауарлардың ұлттық каталогы бір күнде нәтиже беретін жоба емес. Бірақ ол нарықты ретке келтіретін, есепті жеңілдететін, ашықтықты арттыратын маңызды қадам. Бір тауар бір атаумен, бір кодпен, бір дерекпен жүреді. Бұл мемлекетке бақылауды оңайлатады, бизнеске артық әурені азайтады, ал халыққа түсінікті әрі әділ нарық қалыптастыруға жол ашады.

Барлық жаңалық