Бағдагүл емші әлеуметтік желідегі парақшасында Динара Сәтжанға қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды ozgeris.info.
Ол егер сотталса, бұл әділетсіздікке қарсы күрес болады деп санайтынын айтып, қоғамдағы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын көріп жүргенін жеткізді.
«Бұйырса, мен сотталсам, бүкіл Қазақстан әділетсіз байларға төңкеріс жасауға дайынбыз ба??? Себебі шындық жоқ болса! Әрбір қарапайым халық осындай әділетсіздікке ұшырайды деген сөз! Онда болашаққа сенім жоғалады деген сөз. Әрине, кешірім сұраймын! Достасуға болады!», – деп жазды ол.
Бағдагүл емшінің айтуынша, сот отырысы кейінге шегерілген. Оның сөзінше, бұған соттың мемлекеттік тілде өтуін талап етуі себеп болған.
«Кеше сот, бұйырса, кейінге қалды! Себебі мен соттың өз ана тілімізде өтуін талап еттім. Қазақстанда қазақ қазақпен өз ана тілінде сөйлеуі керек! Менің қозғағаным – тіл мәселесі, қазақ аруларымыздың ар-намысы мен үшін бірінші орында! Ал ханымға айтылған сөз есімде жоқ! Өйткені мен орысша түсінбеймін! Көңіліңізге тисе, кешірім сұраймын. Қазақша мағынасын білмедім! Менің сотта беретін жауабым осы, достар!», – деді ол.
Сондай-ақ Бағдагүл емші Динара Сәтжанды бұдан әрі мазақтамағанын айтып, арадағы дауды бейбіт жолмен шешуге қарсы емес екенін жеткізді.
«Әрине, кешірімді болған жақсы! Мүмкін, достасып кетерміз! Бірақ мен бұл кісіні одан әрі мазақтағаным жоқ! Сөздің келе жағында кеткен болуы мүмкін! Қарапайым халық үшін жанымды беруге дайынмын, шүкір! Әділетсіздік үшін күресуді қолдаймын! Қазақ еліне айтарым, ана тіліміздің қадірін кетірмейік. Орысша білмегенім үшін сотталып жатсам еш өкінбеймін!», – деп жазды ол.
Жазба соңында ол әділдік орнайтынына сенетінін айтып, істің бейбіт түрде аяқталатынына үміт білдірді.
«Әуелі Алла, аруақтар қолдасын! Әділдік бұйырса салтанат құрады! Қазақстанның болашағы бейжай қарайтын уақытта емес! Қара халықпен біргемін! Халық менімен бірге! Барлығы бейбіт түрде болатынына сенімдімін! Себебі мен орысша білмеймін! Мағынасын білмеймін! Ондай сөз есімде жоқ!», – деді Бағдагүл емші.