Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің халықаралық байқаушылар миссиясы Қазақстанда өткен Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына жоғары баға берді. Бақылаушылардың айтуынша, дауыс беру ашық әрі ұйымдасқан түрде өтіп, сайлау рәсімдері белгіленген талаптарға сай жүргізілген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы миссия өкілдері Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхун Қазақстанның халықаралық байқаушыларды шақыруы сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге деген ұмтылыстың бір көрінісі екенін атап өтті.
Миссия мүшелері сайлау учаскелерінің дайындығын дауыс беру басталғанға дейін бақылаған. Олар бюллетеньдерді әзірлеу барысымен танысып, сайлаушылар үшін қажетті жағдайлардың жасалуын тексерді. Бақылау Астана қаласы мен Ақмола облысында жүргізілді. Жалпы сайлау қарсаңында және дауыс беру күні миссия өкілдері 102 учаскеге барған.
Байқаушылар сайлаушылардың белсенділігін және учаскелік комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейін атап өтті. Олардың айтуынша, учаскелерде қажетті құжаттар мен ақпараттық материалдар толық ұсынылып, байқаушылардың жұмысына да қажетті жағдай жасалған.
Сондай-ақ миссия әйелдер мен жастардың сайлауға белсенді қатысқанын атап өтті. Дауыс беру барысында белгіленген рәсімдердің сақталғаны және учаскелердегі жұмыстың бірқалыпты ұйымдастырылғаны айтылды.
Т.Р. Мидхунның мәліметінше, бақылау кезінде миссия мүшелеріне бірде-бір шағым немесе ескерту түспеген. Осыған байланысты ШЫҰ миссиясы Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын ашық, шынайы және демократиялық қағидаттарға сәйкес өтті деп бағалады.
Беларусь Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің тұрақты комиссиясының төрағасы Наталия Павлюченко да сайлау учаскелеріндегі дайындық деңгейі мен сайлаушыларға жасалған жағдайды оң бағалады.
Ал Ресей Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Алена Булгакова сайлау процесінің жариялылығына назар аударды. Оның айтуынша, сайлау комиссиялары азаматтарға дауыс беру тәртібі мен мемлекеттік құрылымдағы өзгерістер туралы алдын ала ақпарат берген.
Брифинг соңында халықаралық байқаушылар миссиясы Қазақстан халқын Құрылтай депутаттарының сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.