Шанхай қаласы биыл Азиядағы ең үлкен технологиялық жиынды қабылдады. "Mobile World Congress Shanghai 2026" көрмесі жасанды интеллект, бұлтты жүйелер, ұялы байланыс және заттар интернеті саласындағы жаңалықтарды талқылайтын басты орталыққа айналды. Осы беделді халықаралық конгресте "Қазақтелеком" компаниясы екі бірдей жүлдені қанжығалады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қазақстандық оператордың жаһандық байланысты дамытуға қосқан үлесін әлемнің жетекші корпорациялары жоғары бағалады. Марапаттарды табыстау рәсімі "Global Partner Awards 2026" шарасы аясында өтті. "China Unicom Global" ұйымы отандық мекемені "Жаһандық байланыс саласындағы жылдың үздік серіктесі" деп тапты. Ал "China Telecom" корпорациясы "Байланыс операторлары арасындағы үздік инновациялық серіктес" атағын берді.
Сарапшылар мұндай қос құрметтің үлкен мәні бар екенін айтады. Қытайлық телеком нарығы көшбасшыларының бұл шешімі Қазақстанның әлемдік деректер транзитіндегі стратегиялық маңызын айқын көрсетеді. Еліміз қазір Азия мен Еуропаны байланыстыратын басты цифрлық көпір қызметін атқарып отыр.
Мекеменің халықаралық келісімдер департаментінің директоры Айнұр Байбатырова бұл жеңісті серіктестердің зор сенімімен байланыстырды. Ұйым инфрақұрылымды жаңартып, шетелдік әріптестермен қарым-қатынасты ұдайы нығайтып келеді. Еуразия құрлығындағы байланысты жақсарту жолында түрлі ірі жобалар қолға алынған.
Ресми марапаттаудан бөлек көрмеде маңызды келіссөздер жүрді. Қазақстандық делегация әлемдік нарықтың ірі ойыншыларымен жабық есік жағдайында кездесулер өткізді. Олардың қатарында "China Mobile International", "China Telecom Global", "China Unicom Global", швециялық "Arelion Sweden", сондай-ақ "Билайн" мен "Ростелеком" бар.
Жиын барысында Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік жолдарды кеңейту мәселесі талқыланды. Деректерді өңдеу орталықтарының желісін дамыту және интернет трафигін алмасуды жақсарту жолдары қаралды.
Тараптар телекоммуникация саласына жасанды интеллектіні енгізу ісіне ерекше назар аударды. Серіктестер алдағы уақытта жұмыс процестерін автоматтандырып, желіні басқару сапасын арттырмақ. Ол үшін жаңа цифрлық қызметтерді іске қосып, озық технологияларды бірлесіп қолдану туралы нақты қадамдарды белгіледі.