Қазақстандық танымал режиссер Ақан Сатаев Атырау қаласындағы кардиологиялық орталықта ем қабылдап жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол өзінің «Қан мен серт» фильмінің түсірілім алаңына жақын арада оралатынын жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Режиссер денсаулығына қатысты жағдайын Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялаған. Алайда ауруханаға түсуінің нақты себебін әзірге айтпады.
«Құрметті достар! Қазір мен Атырау қаласындағы @atyrau.cardio.center жатырмын. Себебін кейінірек айтармын. Ең бастысы — жақын арада бұл центрден шығып, «Қан мен серт» фильміміздің түсірілім алаңына қайта ораламын. Аллаға шүкір!» – деп жазды Ақан Сатаев.
Сондай-ақ режиссер Атыраудағы кардиологиялық орталықтың медицина қызметкерлеріне көрсеткен көмегі мен қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
«Осы орайда, осы тамаша кардиология орталығының барлық дәрігерлеріне, қызметкерлеріне және басшылығына жоғары кәсібиліктеріңіз бен науқастарға деген ерекше қамқорлықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді!» – деді ол.
Айта кетейік, осыдан кейін режиссердің Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесінің желісімен түсірілген фильміне қатысты хабарлама жарияланған болатын.
Фильмнің шығармашылық тобы 10 қарашаға жоспарланған туындының тұсаукесері мен 11 қарашадан басталуы тиіс кинотеатрлардағы көрсетілімі кейінге шегерілгенін мәлімдеді. Бұған қажетті рәсімдерді аяқтау үшін қосымша уақыт керек екені айтылған.
Ұйымдастырушылар «Күлпаш» фильмінің көрсетілімін шамамен бір аптаға шегеруді жоспарлап отырғанын хабарлап, нақты шығу күні қосымша жарияланатынын жеткізді.
Ал Ақан Сатаев ауруханадан шыққан соң «Қан мен серт» фильмінің түсірілімін жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
Қазіргі уақытта режиссердің нақты диагнозы мен ауруханаға жатқызылу себептері жарияланған жоқ.